Айдын Рақымбаев пен жұбайы байлықтарының жартысын қайырымдылыққа таратып беретін болды

09.05.2026 17:38 Қарақат АСЫЛОВА
Айдын Рақымбаев пен жұбайы байлықтарының жартысын қайырымдылыққа таратып беретін болды
1553
Forbes тізіміндегі миллиардер ерекше бастамаға қосылды

Қазақстандық кәсіпкер Айдын Рақымбаев пен оның жұбайы Анар Рақымбаева әлемдік деңгейдегі қайырымдылық бастамасы – The Giving Pledge жобасына ресми түрде қосылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Олар өз дәулетінің басым бөлігін әлеуметтік мақсаттарға жұмсауға ниетті екенін мәлімдеді. Осылайша Рақымбаевтар отбасы аталған бастамаға қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы отбасы ретінде тарихқа енді. Forbes-тің 2026 жылғы дерегіне сәйкес, Айдын Рақымбаевтың байлығы шамамен 1,1 миллиард доллар деп бағаланған.

Кәсіпкердің айтуынша, отбасы қаражатының жартысынан астамы алдағы жылдары қайырымдылық пен қоғамдық жобаларға бағытталады. Негізгі қолдау білім беру, балаларға көмек көрсету, ұлттық мәдениетті дамыту және Қазақстан тарихын дәріптеу бағыттарына арналмақ.

«Бұл шешім – біздің өмірлік ұстанымымыздың жалғасы. Көп жылдан бері түрлі әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсетіп келеміз. Енді осы жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруға дайынбыз», – деді олар ортақ мәлімдемесінде.

Айдын Рақымбаев сондай-ақ «Дом мамы» мен IQanat жобалары арқылы мыңдаған балаға көмек беріліп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, болашақта да Қазақстан мен Орталық Азиядағы әлеуметтік жобалар басты назарда болады.

Айта кетейік, The Giving Pledge бастамасын Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған. Жоба аясында әлемдегі ең бай адамдар өз капиталының көп бөлігін қайырымдылыққа беруге уәде етеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий