«Әйелге қол көтерген еркек – ер емес»: Бас мүфти үндеу жасады

19.08.2026 13:04 Әсел МҰРАТ
«Әйелге қол көтерген еркек – ер емес»: Бас мүфти үндеу жасады
58
Фото: ашық дереккөз

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуге шақырып, ер азаматтың шынайы күші ашуға ерік бермеу мен отбасы мүшелеріне қамқор болудан көрінетінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қоғамда отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе әйел адамның өз шаңырағында жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы – баршаға ой салатын ауыр жағдай. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы ер азаматтарды сабыр сақтап, отбасы мүшелеріне құрметпен қарауға үндеді.

«Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары», – деген Бас мүфти әйел адамның жаңа түскен шаңырағынан қорғаныш пен жылулық күтетінін атап өтті.

Оның айтуынша, ер азаматтың міндеті – отбасына қорқыныш емес, қауіпсіздік пен қамқорлық сыйлау. Себебі отбасы – адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың» деген өсиеті де осы жауапкершіліктің мәнін айқындайды.

Бас мүфти ер адамның күшін қол жұмсаумен өлшеуге болмайтынын жеткізді.

«Ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде. Жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуда», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ашу үстінде жасалған бір әрекет немесе айтылған бір ауыр сөздің салдары ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан отбасылық мәселелерді күш қолдану арқылы шешуге болмайды. Керісінше, түсіністік танытып, сабырмен сөйлесу – берекелі отбасының негізі.

«Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді», – деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы сондай-ақ қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағаға үлкен үмітпен шығарып салған ата-ананың аманатына қиянат жасамау қажеттігін еске салды.

«Қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың тілегі біреу – «Барған жерінде бақытты болсын». Сол аманатқа қиянат жасамайық», – деді ол.

Бас мүфтидің айтуынша, әйелді жылату азаматтыққа жатпайды. Керісінше, әйелге қорған болып, отбасына жылулық пен тыныштық сыйлау – ер азаматтың басты міндеттерінің бірі.

Әйелге қол көтеру – ерлік емес. Нағыз ерлік – ашуды жеңіп, отбасыңа қорған болу.

Войдите, чтобы оставить комментарий