Әйелін сабаған дипломат бостандыққа шықпайтын болды

Бұрынғы дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әйелін ұзақ уақыт бойы жәбірлеп келді деп айыпталған бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша апелляциялық сот алқасының отырысы өтті. Сот бірінші сатының шығарған үкімін күшінде қалдырды.
Осылайша, Мамаш алты жылын түрмеде өткізетін болды.
Бұған дейін, шілде айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі («Өзіне материалдық немесе өзгедей тәуелді адамды қинау») бойынша кінәлі деп таныған болатын. Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырып, бірінші санаттағы кеңесші дипломатиялық дәрежесінен де айырған еді.
Тергеу материалдарына сәйкес, Сәкен Мамаш 2019 бен 2024 жылдар аралығында жұбайы Карина Мамашты қызғаныш негізінде жүйелі түрде ұрып-соғып келген. Зорлық-зомбылық Астана қаласында да, оның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі дипломатиялық қызметі кезінде де жасалған.
Бұл оқиға жәбірленушінің әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, көп жылдан бері қорлық көріп келе жатқанын айтқаннан кейін қоғамда үлкен талқы тудырған еді.
Соңғы жаңалықтар




