Айтуған Ғалымовтың әйелі: Тоқалға қарсылығым үшін тістерімді ұрып түсірді

24.09.2026 16:48 Томирис САҒЫНДЫҚ
Айтуған Ғалымовтың әйелі: Тоқалға қарсылығым үшін тістерімді ұрып түсірді
114
Фото: видеодан скриншот

Танымал блогер Айтуған Ғалымовтың әйелі Ильнура Нуранбекова отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы мен ажырасу себептері туралы ашық айтты. Оның сөзінше, отбасындағы келіспеушіліктер физикалық қысымға ұласып, соңы ажырасуға әкелген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы НТК арнасындағы сұқбатында айтты. 

«Иә, арамыздағы керіс төбелеске ұласып, ол мені ұрып, тістерімді түсіріп тастады. Мен: "Олай болса, балаларды алып кетіп қаламын", – деп жинала бастаған едім. Сол оқиғадан кейін ол ертесі күні Қытайға жүріп кетті. Кейін маған ақша жіберді де, мен Ташкентке барып, тістерімді емдетіп, жасатып алдым. Жаныма тек омыраудағы кішкентай қызымды ғана алдым, ал ұлымды әпкелерінің қарамағына қалдырдым», – деді ол.

Блогердің жұбайы келіспеушіліктің негізгі себебі екінші неке – тоқал алу мәселесінен туындағанын атап өтті.

«Оның соншалықты ашуланғанының себебі – ол кезде басқа біреумен сөйлесіп, қыз бен жігіт сияқты араласып жүрген болатын. Менің: "Тоқал алуыңа қарсымын", – дегенім үшін ол ашуға мінді. Мен оның бұл әрекетін мүлдем ақтап отырған жоқпын. Тек сол кезде оның манипуляциясына алданып қалдым. Негізінде, басынан-ақ қарсы болып, толыққанды отбасы болғым келгендіктен, кетіп қалғым келген еді», – деді Ильнура Нуранбекова.

Сондай-ақ ол қоғамдағы стереотиптерге байланысты бұрын бұл жағдайға шыдамдылық танытқанын, бірақ қазір көзқарасы толық өзгергенін білдірді.

«Әрине, бұл – қалыпты жағдай емес. Әйелге қол көтеруге мүлдем болмайды. Бұрын: "Қандай отбасында болсын, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ертең-ақ бәрі дұрысталар" деген түсінікпен жүріппін. Өз отбасымда әке-шешемнің ұрысқанын көрмесем де, бұл сөзді туысқандарымнан, тұрмысқа шыққан әпкелерімнен еститінмін. Ал қазір бұған толықтай қарсымын әрі дұрыс шешімге келдім», – деп түйіндеді сөзін Нуранбекова.

Войдите, чтобы оставить комментарий