​«Ажырасу оп-оңай болды»: Ләйлә Сұлтанқызы отбасы құндылықтары туралы ой қозғады

02.07.2026 09:48 Мөлдір ҚАЙНАР
​«Ажырасу оп-оңай болды»: Ләйлә Сұлтанқызы отбасы құндылықтары туралы ой қозғады
254
Фото: instagram.com/sultankyzy

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі қоғамда ажырасудың қалыпты құбылысқа айналғанын айтып, отбасы құндылықтары мен ұл тәрбиесіндегі өз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист бүгінде неке мен отбасы мәселесіне жеңіл қарайтындардың көбейгеніне және ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілікке көбіне жақындары араласатынына назар аударды.

«Байқап жүрсіздер ғой, қазір үлкенге де кішіге де ажырасу оп-оңай, ешкім сынамайды, жөнге салмайды, татуластыру тіпті жоқ. Демократия осы екен, бұл қалыпты жағдай деп қабылдамыз. Ерлі-зайыптылар бір-бірін емес, бір-бірінің ата-анасымен күресіп кететін жағдайлар көп. Бірі ананы кінәлайды, бірі келінді, бірі баланы. Бірақ шындық көбіне ортасында. Кейде ата-ана ұлын тым аялап өсіреді. Кейде әйел ер адамның жауапкершілігін өз мойнына алып қояды. Кейде ер адамның өзі есеюге асықпайды», – деп жазды ол.

Ләйлә Сұлтанқызы бала тәрбиесіндегі ең басты құндылық сөз емес, ата-ананың жеке үлгісі мен іс-әрекеті екенін алға тартты.

«Мәселе «сыночка-корзиночкада» емес. Мәселе – ересек адамның ересек жауапкершілікті алуға дайын болмауында. Ұлға да, қызға да қалдыратын ең үлкен мұрамыз – ақша емес, жауапкершілік, дербестік және отбасы құндылығын түсіндіру. Қалай? Өз іс-әрекетіңмен. Сөзбен емес», – деді тележүргізуші.

Болашақта келіндерінің өкпелеп жылап келгенін қаламайтынын жеткізген ол қазірден бастап ұлдарымен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, күнделікті сұрақтардың сипатын өзгерткенін айтты.

«Өз тәжірбиемде ұлдармен бірге өткізер сәттеріміз азайып барады. Ұлдармен айтылмайтын тақырып көбейіп барады. Ортадағы шекара қалыңдап, “жеке” мәселелері көбеюде. Махаббат тек сүйісу мен қол ұстасып қыдыру емес екенін өз тәжірибелерінде түсінген. Қазір, тағы жа өз тәжірибемнен ұлдарға не жедің, не кидің, нәскиің таза ма, есікті құлыптадың ба, көлік жуылды ма, шеге қағылды ма емес жазда жоспарда ақша табу бар ма, ұсыныстар іздедің бе, чекап қашан өтесің, ана туысқа көңіл айттың ба деген сұрақтарға алмастырудамын. Маған ертең «сыночка-корзиночкаларың ренжітті» деп келіннің жылап келгені мен “шешесі Ләйләнің істеп жүргені” деген әңгіме керек емес!», – деп түйіндеді Ләйлә Сұлтанқызы.

Войдите, чтобы оставить комментарий