БАӘ-де қаза тапқан қазақстандық апалы-сіңлілі қыздардың денесі елге жіберілді

29.08.2026 13:07 Қарақат АСЫЛОВА
БАӘ-де қаза тапқан қазақстандық апалы-сіңлілі қыздардың денесі елге жіберілді
351
Фото: КТК телеарнасы

Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза тапқан Қазақстан азаматшалары Ақжан және Жұлдыз Боханованың денелері елге жеткізу үшін Қазақстанға жөнелтілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді. Марқұмдардың денесін елге жіберуді Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы ұйымдастырған.

Қазіргі уақытта қыздардың өліміне қатысты тергеуді БАӘ құқық қорғау органдары жалғастырып жатыр. Қазақстандық дипломаттар Әмірлік прокуратурасымен және басқа да құзырлы органдармен байланыста.

Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың отбасына қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсетуді жалғастыратынын хабарлады.

Бохановалардың Шарджа қаласында қаза тапқаны туралы ақпарат 25 тамызда белгілі болған еді. Осыдан кейін Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы қыздардың туыстарына құжаттарды рәсімдеу және БАӘ мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша көмек көрсеткен.

ҚР СІМ марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий