Бала 1,5 жастан асқаннан кейін жұмыссыздық төлемін алу заңды ма?
Әлеуметтік желілерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін қазақстандық әйелдер жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем рәсімдей алады деген ақпарат тарады. Бұл мәліметке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство мұндай кеңестердің заңды негізі жоқ екенін айтып, азаматтарды адастыратын ақпарат екенін мәлімдеді.
Министрлік түсіндіруінше, интернетте тараған нұсқаулықтарда әйелдерге мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеліп, алты ай бойы әлеуметтік төлем алуға болады деген кеңес беріледі. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі демалысында отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Сондықтан ол ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды.
«Жұмыссыз мәртебесі тек шын мәнінде жұмыс іздеп жүрген және еңбек етуге дайын азаматтарға ғана беріледі», – деп атап өтті министрлік.
Сондай-ақ ведомство жұмысынан айырылған азаматтарға арналған әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан адамдарға ғана қарастырылғанын еске салды. Мұндай төлемді алу үшін адам мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы тиіс.
Егер әлеуметтік төлем алушы кейін жұмысқа орналасса, бұл туралы мансап орталығына уақытылы хабарлауы қажет. Ал жалған ақпарат берілген жағдайда төленген қаражат заң талаптарына сәйкес мемлекетке қайтарылады.
Министрлік әлеуметтік төлем алу мақсатында әдейі жалған мәлімет ұсыну алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін екенін де ескертті. Сонымен қатар мұндай жалған “схемаларды” таратып жүрген адамдар да жауапкершілікке тартылуы ықтимал.
Последние новости