"Бала қор болады". Асылы Осман аралас некеге қарсы екенін айтты

14.08.2026 19:50 Томирис САҒЫНДЫҚ
70
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандағы отбасы институтының ахуалы, дәстүрлі тәрбие мен қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі сарапшылар арасында жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы орайда филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Асылы Осман ажырасу көрсеткішінің көбеюі, ұлттық болмыс пен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде өз пікірін білдірді. Ғалымның айтуынша, заманауи қоғамда отбасылық жауапкершілік пен адамгершілік нормаларын сақтау ерекше маңызға ие, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асылы Осман Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында әңгімеледі. 

Ғалым елдегі неке бұзылу деңгейінің артуына тоқталып, мұны дәстүрлі отбасылық құндылықтардан алыстаумен байланыстырды.

«Қазіргі таңда елімізде ажырасу көрсеткіші өте жоғары болып тұр. Бұрын қазақта мұндай бар ма еді? Бұрын да ажырасу болған, бірақ бұлай емес еді ғой. Белгілі бір себептерге байланысты келісіп, шешім қабылдайтын. Дегенмен мұндай жағдай өте сирек кездесетін. Қазақ ешқашан жесірін жылатып, баласын жетім етпеген. Қандай қамқорлық десеңші! Ағасы қайтыс болса, інісі жесірін де, жетімін де қаңғыртпаған. Ал бүгінде ондай емес қой. Ерлі-зайыптылар бірінен соң бірі ажырасып жатады. «Қатыннан қатынның жорғасы бар ма?» дегендей, бұл не деген сұмдық? Неге солай етеді? Одан да өмірлік серігіңмен жақсылап тіл табысып өмір сүргенге не жетсін. Ер азамат аздап серілік жасаса да, ең бастысы балаға ие болуы керек қой. Шын мәніне келгенде, мен өзге ұлт өкілімен отбасын құрғанды, тұрмысқа шыққанды немесе үйленгенді онша құптамаймын. Сондай некеден туған бала қор болады. Ертеңгі күні ерлі-зайыптылар өзара тіл табысып кеткенімен, кейін біреуі балаға: «Сенің шешең де, әкең де мынадай болған», — деп сөз тигізуі мүмкін. Балаға қиындық көрсетпеу керек. Дүниеге келген бала — ең қасиетті, ең қымбат жан, сондықтан оны толыққанды адам ретінде дұрыс тәрбиелеу қажет», — деді Асылы Осман.

Сонымен бірге Асылы Осман жастар арасындағы ішкі мәдениет пен өз-өзін ұстау нормаларына назар аударды.

«Бүгінде қазақ қыздарының көбін — бәріне топырақ шашпайын — «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетті ме деп қаласың. Сол жақсы ма? Адам намыстанады екен. Бақыт деген — әркімнің өзінде. Шын мәнінде бақытты боламын десең, ең алдымен өзіңді түзе, бойыңда ұлттық қасиеттер болсын. Адам баласы өзінің адамгершілік қасиетінен айырылмауы тиіс. Сені адам етіп көрсететін де — сондай асыл қасиеттер. Адам өзіне жат нәрселерден аулақ болып, ой таразысына салып отыруы керек қой», — деді филолог.

Қоғам қайраткері әртүрлі мәдени орта өкілдерінің отбасын құруындағы ерекшеліктерге де баға беріп, салт-дәстүрді сақтаудың маңызын атап өтті.

«Әр ұлттың өзіндік әдет-ғұрпы, салты мен дәстүрі бар. Барша ұлтта дәстүр болғанымен, қазақтың жеті ата тарататын ерекшелігі өзгеде жоқ. Жат ұлтпен бас қосқанда, осы салт-дәстүрге келгенде... Мысалы, басқа діндегі өкілге тұрмысқа шықтың делік. Оның діні де, ділі де бөлек. Сонда қайсыңның дініңді ұстанасыздар? Әйелдің дінін бе, әлде күйеуінің дінін бе? Сонымен қатар, мұндай отбасынан туған ұрпақтың болмысы да бұлыңғыр болады. Ертең қызың кімге тұрмысқа шығады, ұлың кімге үйленеді? Осындай үлкен қиындықтар туындайтынын айтып отырмын. Мақұл, ғашық болып, сүйіп қосылды делік. Бірақ сүйіспеншілік дегеннің де түр-түрі бар. Ешкі де өзінің лағын жақсы көреді, ана да баласын жақсы көреді. Бірақ ананың балаға деген махаббаты мен ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік бірдей емес. Сезімнің қадірін біліп, оны бағалай алатын адам болуы керек. Ал ол үшін бойыңда адамгершілік пен кісілік болуы тиіс. Сонда ғана отбасын қадірлей аласың. Халқымыз «Жақсы әйел ер етеді, жаман әйел жер етеді» деп тегін айтпаған. Сондықтан қазақтың әрбір ғибратты сөзін ту етіп ұстануымыз қажет», — деді Асылы Осман.

Сөз соңында ғалым отбасылық тәрбиедегі әке институтының әлсіреуі мен заманауи факторлардың бала тәрбиесіне тигізетін әсерін сөз етті.

«Қазір сіздер керісінше жігіттерді әлсіз етіп, өз дегендеріңізді жасатып отырсыздар. Жігіттің бойында азаматтық намыс болуы керек. Ана баланы дауға дәру, жауға қару, достыққа дәнекер, дәстүрге дәнекер болатындай етіп, еңбекке баулуы тиіс. Ал ата мен әке — сырттағы қорған. Халқымызда «Әкенің сесі — балаға ес» деген сөз бар. Ал қазір баласына сөзі өтетін, сес көрсете алатын әкелер бар ма? Неге біз ер балаларды солай тәрбиелемейміз? Бұрын аналарымыз бұзықтық жасаған баланы: «Әкең келе жатыр», — деп әкесінің сөзімен ықтыратын. Ал қазір керісінше, анасымен қорқытады. Оның үстіне, қазіргі аналар баласынан қарағанда телефонды артық көреді. Көшеде көріп жүремін: баласы артында еріп келе жатады, ал анасы балаға емес, телефонға үңіліп бара жатады. Кейде сондай аналарды тоқтатып: «Айналайын-ау, бұл телефоның не?» — деп ескерту жасауға мәжбүр боласың», — деді Асылы Осман.

Войдите, чтобы оставить комментарий