«Бір жыл өтті, жауап жоқ»: Астанада анасы отадан кейін қайтыс болған қыз жанайқайын жеткізді
Астанадағы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жоспарлы операцияға барған әйелдің өлімінен кейін арада бір жыл өтсе де, отбасы оқиғаның мән-жайына қатысты нақты жауап ала алмай отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның қызы әлеуметтік желіде анасының өліміне байланысты тергеудің созылып кеткенін айтып, құзырлы органдардан объективті тексеру жүргізуді талап етті.
Аидa Оспанованың қызының айтуынша, анасы 2025 жылғы 30 қазанда Астанадағы ҚазНИИ көз аурулары институтына торқабықтың ажырауына байланысты жоспарлы операцияға жатқызылған. Оған дейін үш ай бойы қажетті тексерулер мен талдаулардан өтіп, дәрігерлердің рұқсатын алған.
Алайда келесі күні отбасы қайғылы хабар естіген. Қыздың сөзінше, 31 қазан күні сағат 17:11-де оған анасының жүрегі тоқтағаны туралы телефон арқылы хабарлаған. Кейін әйел жедел жәрдеммен МГБЗ-ға жеткізілген. Бұған институтта реанимациялық бөлімнің болмауы себеп болғаны айтылған.
Марқұмның қызы медициналық құжаттарда өлім уақытына қатысты елеулі сәйкессіздіктер бар екенін алға тартады. Оның мәліметінше, клиникалық өлім 15:44-те, ал биологиялық өлім 16:48-де тіркелген. Сонымен қатар отбасы анасының денесін алып кету үшін қажетті құжаттарды екі күннен астам уақыт күтуге мәжбүр болған.
«Үш ай бойы алған жалғыз жауабымыз – “Өлім бізде тіркелген жоқ” деген сөз болды», – дейді марқұмның қызы.
Ол анасының қазасынан кейін бір жыл бойы үнсіз жүргенін, бұл тақырыпты көтеруге қорыққанын жазған. Айтуынша, отбасы әлі күнге дейін болған жағдайдың нақты себебін білмейді.
Қызының сөзінше, осы уақыт ішінде тергеушілер үш рет ауысқанымен, істің алға жылжығанын байқамаған. 2026 жылғы 13 мамырда комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған. Алайда арада алты айға жуық уақыт өтсе де, оның қорытындысы әлі дайын болмаған.
Марқұмның қызы медициналық құжаттардағы уақытқа қатысты қайшылықтарға да нақты түсініктеме беруді талап етіп отыр.
«Біз ерекше қарым-қатынас сұрамаймыз. Тек істің объективті тергелуін, ашықтықты және сұрақтарымызға жауап беруді талап етеміз. Бұл жай ғана пациент емес, біздің анамыз, қызымыз, жарымыз, ұстазымыз еді. Оның да армандары мен жоспарлары болды», – деп жазды ол.
Қызының айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін аутизмі бар баласы анасыз қалған. Отбасы үшін бұл қаза орны толмас қайғыға айналған.
Әзірге марқұмның туыстары күткен сараптама қорытындысы мен тергеудің нақты нәтижесі туралы ақпарат жоқ.
Соңғы жаңалықтар