"Басқа әйел алу керек шығар деп ойладым": Өмірқұл Айниязов бар сырын ақтарды

13.08.2026 14:24 Мөлдір ҚАЙНАР
91
Фото: Instagram/omirkul_ainiyazov

Әнші Өмірқұл Айниязов отбасындағы махаббат пен 21 жыл бойы перзент сүйе алмаған қиын кезеңдері туралы ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің сөзінше, кез келген шаңырақтың іргетасы ең алдымен сезім мен сыйластықтан құралуы тиіс.

"Махаббат бірінші болу керек. Кейбір адамдар «махаббат жоқ, бала үшін жүреді» деп жатады. Олай болмайды деп ойлаймын. Махаббат болмаса, біреудің қасына жату да оңай емес. Сондықтан бірінші махаббат, содан соң сыйластық, бағалау тұруы тиіс", – деді әнші.

Сондай-ақ ол отбасында ұзақ жылдар бойы бала болмаған кезде басқа әйел алу туралы да ойланғанын, бірақ бауырындағы жалғыз перзентін қимағанын жасырмады.

"Кейде қалжыңдап айтамын, кейбіреулер 4-5 баласымен ажырасып жатады, біз 1 баламен ажырасуға жүрегіміз дауаламады. 21 жыл бойы балалы бола алмай жүрген кезде «мүмкін басқа әйел алу керек шығар» деп ойладым. Бірақ жалғыз баламның көзі мөлдіреп басқа жақта жүргенін елестете алмадым. Менің жүрегім ондайға дауаламады", – деді Өмірқұл Айниязов.

Бұдан бөлек, әнші кейінгі екі баласының ЭКО арқылы дүниеге келгенін айтып, мұндай мәселеде уақыт созбай мамандарға жүгінуге кеңес берді.

"Кенже ұлымыз ЭКО-мен дүниеге келді. Жасырудың қажеті жоқ, кейінгі екі баламыз да ЭКО арқылы өмірге келді. 2013 жылдан бастап айналысып, 2021 жылы ғана балалы болдық. Сондықтан мұндай мәселесі бар адамдар қазақылыққа салынып, елден ұялып отырмай, уақыт созбай мамандарға ертерек жүгінгені дұрыс", – деп түйіндеді өнер иесі.

Войдите, чтобы оставить комментарий