Баян Алагөзова: Адал жолмен байыған адам ғана дәулетін қорықпай көрсетеді

21.07.2026 16:36 Томирис САҒЫНДЫҚ
Баян Алагөзова: Адал жолмен байыған адам ғана дәулетін қорықпай көрсетеді
121
Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy/?hl=ru

Танымал продюсер Баян Алагөзова бұрын оңай жолмен, жемқорлықпен байыған азаматтардың өз дәулетін ел көзінен тасалап, тығып өмір сүруге мәжбүр болғанын баяндады. Оның айтуынша, баянсыз байлыққа кенелгендер халықтың күдігін тудырмас үшін қарапайым көлік мініп, сәннен алыс жүруге және отбасын тасада ұстауға тырысқан. Ал адал еңбекпен табылған таза табыс адамға жасқанбай, ашық әрі еркін өмір сүруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Динара Сәтжанға берген сұқбатында айтты.

«...баяғы буржуазия өкілдерінің, яғни бұрынғы миллионерлердің заманы еді ғой. Ешкім көрмесін деп бәрін тығып, жасырып жүретін. Көліктері де... әдейі қарапайым көліктермен жүретін, киімді де қарапайым киетін, ал олардың әйелдері мүлде ешқайда шықпайтын, ең асыл бұйымдарын тақпайтын», — деді Баян Алагөзова.

Сонымен бірге ол елімізде сыбайлас жемқорлықтың бәсеңдеп, азайып келе жатқанына тоқталып, адал еңбек пен таза табыс үстемдік ететін жаңа кезеңнің басталғанын атап өтті.

«Қазір сыбайлас жемқорлықтың, лас ақшаның заманы аяқталды. Ақшаң адал болмаған соң, бұғынып, жасырынуға мәжбүр боласың. Ал егер таза, ақ адал еңбегіңмен тапсаң, Жаратқан саған адал несібесін бұйыртса, онда онымен ашық бөлісе аласың. Өйткені сен салығыңды төлейсің, өйткені сен адал адамсың, өйткені бұл ақшаның бәрі адал жолмен табылған. Бұл жемқорлықтың ақшасы емес, содан кейін де біз ештеңені жасырмай, ашық көрсетеміз. Енді екеуміз де медиа өкіліміз ғой, солай емес пе?» — деді продюсер.

Войдите, чтобы оставить комментарий