«Байтақ» партиясы хатшысының 15 жастағы ұлы әкесінің табысын тексеруді талап етті

14.09.2026 11:00 Қарақат АСЫЛОВА
«Байтақ» партиясы хатшысының 15 жастағы ұлы әкесінің табысын тексеруді талап етті
89
Фото: «Байтақ» партиясы

Әлеуметтік желіде «Байтақ» жасылдар партиясының Атқарушы хатшысы Қуаныш Әлібектің 15 жастағы ұлының үндеуі тарады. Жасөспірім әкесінің ресми табысы мен алимент төлемдеріне қатысты сұрақ көтеріп, құзырлы органдардан жағдайды тексеруді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Баланың айтуынша, ол анасы және 12 мен 10 жастағы екі қарындасымен бірге тұрады. Ол әкесінің ресми жалақысы айына 85 мың теңге екенін және осы сомадан 3 балаға шамамен 40 мың теңге алимент есептелетінін мәлімдеді.

Жасөспірім әкесінің нақты табысы бұдан жоғары болуы мүмкін деп күмән келтірді. Алайда мұны дәлелденген факт ретінде айтпайтынын арнайы атап өтті.

«Бүгін мен тек біздің отбасымызға ғана емес, меніңше, көптеген балалар тап болатын мәселеге қатысты жағдайды айтқым келеді. Менің 2 сіңлім бар, біреуі 12 жаста, екіншісі 10 жаста. Ата анамыз ажырасқан, біз анамызбен бірге тұрамыз. Әкеміз бізге іс жүзінде көмектеспейді және өмірімізге де іс жүзінде араласпайды. Әкемнің аты Қуаныш Әлібек, ол «Байтақ» жасылдар партиясының қызметкері. Ол сонда жұмысқа орналасқаннан кейін ресми жалақысы айына 85 мың теңге болды. Сонымен қатар ол өзінің 3 баласына алимент бойынша қарыз. Бұдан бөлек, оның әртүрлі некеден тағы 4 баласы бар. Алғашқы некеден біз үшеуміз, соңғы некеден 2 қыз және некеден тыс туған 2 ұлы бар. Ол өзінің 7 баласы бар екенін біле тұра, 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақымен отыр және жайлы жағдайда өмір сүреді. Алимент те осы ресми 85 мың теңгеден есептеледі. Нәтижесінде үшеумізге айына шамамен 40 мың теңге түседі, бұл әр балаға шамамен 13–14 мың теңгеден келеді.

Енді «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевқа тікелей жүгінгім келеді. Сіз партия басшысысыз. Қызметкерлердің жалақысына қатысты құжаттарды көресіз және тиісті құжаттарға қол қоясыз. Оның алимент төлеуге міндетті екенін де білесіз. Құрылтай сайлауының алдында біз сізге кірдік, сіз бізді шығарып салып, бұл мәселені шешетініңізді айттыңыз. Содан бері 2 ай өтті, бірақ ешқандай өзгеріс көрмедік.

Сондықтан менде қарапайым сұрақ туындайды. Партия төрағасының атқарушы хатшысы қызметіндегі қызметкеріңіздің ресми жалақысы неге небәрі 85 мың теңге. Шынымды айтсам, партия қызметкері үшін мұндай жалақы күлкілі естіледі, өйткені оның бір айда темекіге ғана 40 мың теңгесі кетеді. Шынымен сіздің ұйымыңызда жұмыс істейтін адам небәрі 85 мың теңге ала ма. Мен партиядағы әр қызметкердің жалақысын білемін деп отырған жоқпын. Сондықтан бұл сұрақты ашық қойғым келеді. Неге дәл осы жағдайда ресми түрде осындай сома көрсетіледі.

Менің әкемнің нақты табысы осы 85 мың теңгеден 9, тіпті 10 есе жоғары болуы мүмкін деп ойлауға негізім бар. Сондай ақ табыстың бір бөлігі ресми түрде көрсетілмеуі мүмкін деп болжаймын. Мүмкін мен қателесетін шығармын. Қандай да бір қос бухгалтерия бар екенін дәлелдей алмаймын, сондықтан мұны анықталған факт деп айтып отырған жоқпын. Бірақ онда неге мұны ешкім тексермейді деген сұрақ туындайды. Егер оның нақты табысы айтарлықтай жоғары болса, онда неге ресми түрде тек 85 мың теңге көрсетілген.

Біздің киімге, тамаққа, мектепке, білімге, денсаулыққа және күнделікті өмірге шығынымыз бар. Ал әкеміз біздің өмірімізге араласпайды. Сондықтан мен үшін бұл жай ғана ересектердің дауы емес. Бұл менің және қарындастарымның өмірі.

Азаматхан Әміртаев, сізге тағы да жеке жүгінемін. Сіз ең төменгі жалақы көрсетілген құжаттарға қол қою арқылы қызметкеріңізді қолдап отырсыз. Сіздің қолыңыз бен осы құжаттардағы аз жалақының салдарынан біз, балалар зардап шегіп отырмыз. Сіз балалардың болашағы туралы айтасыз, онда дәл қазір қолдауға мұқтаж балаларға назар аударыңыз.

Біз мүмкін емес нәрсені сұрап отырған жоқпыз. Біз әкеміздің біздің алдындағы міндетін орындағанын және оның нақты табысы адал анықталғанын ғана қалаймыз. Меніңше, ол біздің 18 жасқа толуымызды күтіп, кәмелетке толғанымызға дейін 85 мың теңге жалақымен отыра береді», – деді жасөспірім.

Осыдан кейін Қуаныш Әлібек те әлеуметтік желіде видео жариялап, ұлының мәлімдемесіне жауап берді.

Ол отбасы ішіндегі жағдайды көпшілікке шығарғысы келмегенін айтып, дау заң аясында шешілуі керек деген ұстаным білдірді.

«Мен отбасымыздағы жағдайды көпшілікке шығарғым келмеген еді. Бірақ ұлымның видеосы үлкен резонанс тудырғандықтан, бірнеше ауыз сөз айтуды жөн көрдім.

Ұлым мен қызым шамамен 3 жыл менімен бірге тұрды. Осы жылдың қаңтар айында олардың анасы балаларды өзімен бірге алып кетті.

Отбасымызда шын мәнінде не болғанын және қазір не болып жатқанын толық білетін тек өзіміз. Мен бұл жағдайды көпшілік алдында талқылағым келмейді, ешкімді айыптағым да, ұлыма әлеуметтік желі арқылы жауап бергім де келмейді.

Барлық дау дамай мәселе заң аясында, қажет болса сот арқылы шешіледі.

Мен балаларымды жақсы көремін, әрқашан оларға қамқор болып, қолымнан келгенше көмектесіп келдім. Алдағы уақытта да солай болады.

Сонымен қатар өзім жұмыс істейтін орным туралы да айтқым келеді. Мен жеке кәсіпкермін. Ал партиямен қоғамдық еріктілік қарым қатынаста жұмыс жасаймын. Яғни қолым бос кезде ғана партияға барып, қоғамдық абыройлы жұмыстарға көмектесемін.

Сол себептен партияның төрағасы және «Байтақ» партиясы біздің отбасылық келіспеушіліктерімізге еш қатысы жоқ. Бұл тек біздің отбасымыздың ішіндегі жеке мәселе.

Ал балаларымды өз қолыма алып, барлық жағдайын жасауға дайынмын. Құрметті ағайын, әкені балаға, баланы әкеге қарсы қою орынсыз деп есептеймін. Әрбір әке перзенті үшін өмір сүретіні сөзсіз, сондықтан құрметті қазақ елі түсіністікпен қарауға шақырамын», – деді Қуаныш Әлібек.

Бұдан кейін оның ұлы тағы бір видео жариялады. Бұл жолы жасөспірім әкесінің партияда ерікті ретінде жұмыс істейтіні туралы сөзіне күмән келтіріп, оның мәртебесі мен табысын тексеруді сұрады.

«Мен әкемнің менің үндеуіме берген ашық жауабын көрдім және оған жауап бергім келеді. Біріншіден, мен отбасылық жанжалды көпшілікке шығарғым келмейді және ешкімді қорлағым немесе айыптағым келмейді. Бұл туралы алғашқы үндеуімнің бірінші бөлімінде де айттым.

Екіншіден, оның бізбен бірге тұрғаны туралы сөзіне жауап бергім келеді. Иә, біз шынымен әкемізбен шамамен 2,5 жыл тұрдық. Бірақ мұның не себепті болғанын түсіндіру маңызды. Біз онымен әкеміздің өз бастамасы және өтініші бойынша тұрдық, өйткені сол кезде ол алимент төлей алмады. Бұл анамыз бен әкеміздің арасындағы шешім және келісім болды.

Мен сол кезеңде қандай жағдайда тұрғанымызды және оның жаңа отбасында не болғанын егжей тегжейлі айтқым келмейді. Кейбір нәрсе отбасының ішінде қалуы керек деп есептеймін. Мені дұрыс түсініңіздер. Артық нәрсе айтып, жеке жағдайларды көпшілік талқысына салғым келмейді.

Бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Біз үшін бұл кезең өте ауыр болды және оны әкем жақсы біледі. Біз нашар тұрдық, сол кезеңнен менің есімде қиын естеліктер қалды. Сондықтан әкем әрдайым балаларына қамқор болып, қажетті көмек көрсетті деген сөзімен жай ғана келісе алмаймын.

Мен оның менің үндеуіме берген жауабын оқығанда, өзінің «Байтақ» жасылдар партиясының еріктісі екенін айтып, өз сөзіне өзі қайшы келгеніне қатты ұялдым және тіпті күлкім келді. Әрине, ол осылайша партияның абыройын қорғағысы келетінін түсінемін. Бірақ мен оның ерікті емес, «Байтақ» партиясының заңды қызметкері екенін сенімді түрде айта аламын. Қазіргі лауазымы – «Байтақ» партиясы төрағасының атқарушы хатшысы.

Партия төрағасы әйелімен және әріптестерімен бірге біз әкеммен тұрған кезде үйімізге қонаққа келген. Мұндай партия үшін бұл үлкен қызмет, ал жалақысы соншалық аз. Ол туралы интернеттегі дереккөздерден өздеріңіз де оқи аласыздар.

Төртіншіден, менде мынадай сұрақ туындайды. Қай уақыттан бері еріктілерге әлеуметтік пакет, зейнетақы аударымы, табыс салығы есептеледі және біздің алиментіміз оның жалақысынан ұсталады. Өзі ерікті екенін айтып отыр, бірақ іс жүзінде партияда ресми жұмыс істейді. Сонда мұны қалай түсінуге болады, ол ерікті ме, әлде партия қызметкері ме. Егер ол кәсіпкер болса, неге табысы мен алименті тек партиядан түседі.

Осы жағдайды анықтап, прокуратураны, қаржы полициясын және салық комитетін тартып, оның сөздерінің шындыққа қаншалық сәйкес екенін тексеруді сұраймын. Мен мұны қалай түсінуім керек. Ол ерікті ме, партия қызметкері ме, әлде кәсіпкер ме. Бірақ алимент тек «Байтақ» партиясынан есептеледі.

Әкем 3 ай қатарынан алимент төлемей жатыр. Сондай ақ ол менің қайда оқуға түскенімді және қайда оқып жүргенімді де сұрамады. Мүмкін, менің грантқа түскенімді осы видеодан кейін білетін шығар.

Бізде алимент берешегіне қатысты сот шешімі бар. Мен оқып, өз болашағымды құрғым келеді. Бірақ сот шешімінің орындалғанын, менің және қарындастарымның құқықтары сақталғанын да қалаймын.

Баршаңыздан менің үндеуімді таратуды сұраймын. Құқық қорғау органдарынан, қаржы полициясынан, салық комитетінен және прокуратурадан барлық жағдайды тексеріп, бізге осы мәселені, алимент бойынша берешекті шешуге көмектесуді сұраймын. Видеоларымды соңына дейін көргендердің бәріне рақмет. Менің үндеуім Үкіметке дейін жетсе екен деп сұраймын», – деді ол.

«Байтақ» партиясының әлеуметтік желідегі ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 8 мамырда партияның Саяси кеңесі Қуаныш Әлібек Нұрланұлын Атқарушы хатшы лауазымына бекіткен.

Сол жарияланымда оның жастар саясаты, қоғамдық қызмет және экология салаларында тәжірибесі бар екені айтылған. Қуаныш Әлібек Нұрланұлының 1986 жылы Қызылорда облысында дүниеге келгені және экономика мамандығы бойынша жоғары білім алғаны көрсетілген.

Партия мәліметінше, ол әр жылдары жастар ұйымын басқарған, экологиялық бастамаларды үйлестірген және партия ішіндегі бақылау құрылымын басқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий