Базарда "ұйымдасқан топтар" отыр. Бектенов азық-түлік бағасын өсіретіндерді тексеруді тапсырды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов еліміздегі ірі көтерме базарларда тәртіп орнатып, бағаны негізсіз шарықтататын делдалдардың жолын кесуді бұйырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Премьер-министр Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке базарлардағы заңсыздықтарды жоюды тапсырды. Ол сауда орындарында арнайы топтар отырғанын және олар халыққа керекті тауарларды әдейі қымбатқа сатып жатқанын айтты.
Бұл адамдар ешқандай негізсіз көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да күнделікті тұтынатын өнімдердің құнын қолдан көтеріп отыр. Үкімет басшысы мұндай әрекетті нағыз делдалдық схема деп атады. Осыған байланысты ол бірнеше құзырлы органға бірігіп жұмыс істеуді жүктеді.
«Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Арман Абайұлы, Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз», – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы тоқсанында мұнай мен газ өндіру көлемі айтарлықтай төмендегені жайлы министр Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар