Бекболат Тілеуханның 6 жылға сотталған күйеу баласының көлігі кімге беріледі?

07.08.2026 15:53 Әсел МҰРАТ
Бекболат Тілеуханның 6 жылға сотталған күйеу баласының көлігі кімге беріледі?
233
Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омардан тәркіленген Toyota Camry республикалық меншікке берілді. Құны 20 миллион теңге болатын шетелдік көлік мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында айтылған. Комиеттің мәліметінше, тәркіленген автокөлік ресми түрде республикалық меншік есебіне алынған

Алынған көлікті өткізу процедурасы 2026 жылдың шілдесінде өтті.

«2024 жылы шыққан Toyota Camry маркалы автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 567 AJU 16) 2026 жылғы 8 шілдедегі мүлікті түгендеу, бағалау және қабылдау-тапсыру актісі бойынша республикалық меншікке өткен мүлік есебіне қабылданды. Бағалау құны 20 миллион теңге болатын бұл автокөлік e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік веб-порталы арқылы мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылу үстінде», – деп түсіндірді бейінді ведомство өкілдері.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мәліметінше, тәркіленген автокөліктер алдымен мемлекеттік органдарға ұсынылады. Басым құқыққа құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, Парламенттің және мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар ие.

Егер көлікті беру тиімсіз деп танылса немесе өтінім түспесе, көлік e-Qazyna порталында ашық электронды аукционға шығарылады, ол жерде Қазақстанның барлық азаматы сатып ала алады.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың сәуірінде экс-шенеунік алаяқтық пен пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылып, оның иелігіндегі шетелдік көлік тәркіленген болатын.

Осы Toyota Camry көлігіне қатысты айла-шарғы экс-шенеуніктің қылмыстық ісіндегі эпизодтардың бірі болды.

Тергеу нұсқасы бойынша, Омар Өскемен әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде көлік рәсімдеуге көндірген. Алынған Toyota Camry 75 кейін үшінші тұлғаларға қайта рәсімделіп, шенеуніктің жеке пайдалануы үшін trade-in бағдарламасы бойынша жаңа модельге айырбасталған. Шығын көлемі 13 миллион теңге болды.

Істің екінші эпизоды пара алумен байланысты болды. Іс материалдарына сәйкес, Омар қала әкімдігі қызметкерінен «жалпы қамқорлығы» үшін 20 миллион теңге әкелуді сұраған. Ал қызметкер ҰҚК-ге жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен күдіктіге транштың бірінші бөлігі – 6 миллион теңге қолма-қол берілген.

Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады, бірақ соңғы сөзінде соттан мейірімділік танытып, түрме мерзімін айыппұлмен ауыстыруды сұрады.

«Ойлануға уақытым жеткілікті болды. Ештеңені кері қайтару мүмкін емес екенін сезіну одан да қиын. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністікпен қарайды деп үміттенемін», – деді ол.

3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық пен пара алу бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынды. ШҚО прокуратурасы Омардың іс-әрекеттері "мемлекеттік қызмет негіздеріне және қоғамның сеніміне нұқсан келтіретінін" атап өтіп, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар рақымшылық бойынша немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайтынын еске салды.

20 мамыр Омар сот шешімін апелляциялық тәртіппен дауламақ болды, бірақ оның шағымы қанағаттандырылмады. Үкім өзгеріссіз қалды.

Саяси қайраткер Бекболат Тілеуханның жиен күйеу баласы болып келетін Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы Үшарал ауылында туған. Ол 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарып, кейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Ал 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий