Бектеновке берілген 48 сағат: Тоқаев нені өзгертуді талап етті?

Соңғы кезде экономикалық реформаларына қатысты халық үн қосып, өз наразылығын білдіріп жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әлеуметтік желіге жаппай жазып, кемшіліктерін кекетуге көшкен. Әсіресе шағын кәсіп иелері мен әлеуметтік осал топтар мемлекеттің нақты қолдауын қажет етіп отыр.
ПРЕЗИДЕНТ НЕ ДЕЙДІ?
Бұл хабар Ақордаға да жеткен сыңайлы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке апта соңына дейін экономикалық саясаттағы кемшіліктерді түзетуді міндеттеді. Мемлекет басшысы қабылданған шаралар халықтың күнкөріс деңгейін арттырып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталуы керек екенін қадап айтты.
«Экономикалық саясатымыз жалпы алғанда дұрыс бағытта. Бірақ оның нақты орындалуы инвестициялық климатты жақсартып, кәсіпкерлікті жандандыруға, экономиканы сауықтыруға бейімделуі тиіс», — деді Тоқаев.
БЕКТЕНОВ ҮЛГЕРЕ МЕ?
Осы тапсырманы орындау үшін Премьер-министр Олжас Бектеновке небәрі 48 сағат берілді.
САЛЫҚ ТУРАЛЫ
Елде қабылданған жаңа Салық кодексі бизнес үшін қосымша қысым болмақ. 2026 жылдан бастап:
• ҚҚС базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтеріледі;
• Жеке табыс салығына прогрессивті шкала енгізіледі;
• Байлық салығы пайда болады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер әсіресе микро және шағын бизнеске ауыр соққы болуы мүмкін. Жеңілдетілген салық режимінен айырылған кәсіпкерлердің біразы нарықта қалу үшін күреске түспек.
КЕДЕЙЛІК АРТҚАН
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов соңғы он жылда елдегі кедейлік деңгейі екі есеге өскенін айтқан. 2015 жылы бұл көрсеткіш 2,7% болса, 2024 жылдың соңында 5,1%-ға жетіпті.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС
• 2025 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2,262,4 мың шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектісі тіркелген; оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны — 2,071,7 мың.
• 2024 жылдың қаңтар–қыркүйегінде ШОК субъектілерінің өнім шығарылымы 57 188,2 млрд теңге болды, ал еліміздің ЖІӨ‑сіндегі үлесі 39,3 %‑ға дейін көтерілді.
• ШОК субъектілерінің құрамында дара кәсіпкерлер үлесі — шамамен 69,5 %, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар — 17,5 %, фермер/шаруа қожалықтары — 12,9 %.
• 2023 жылы ШОБ субъектілерінің саны 1 904 656 болды — 2022 жылмен салыстырғанда өсім байқалды.
• ШОБ субъектілерінің қызмет түрлері арасында көтерме/бөлшек сауда, автокөлік және мотоциклдерді жөндеу алғашқы орында — 35,5 % үлес.
ЖОСПАР МЕН МІНДЕТ
1. Аймақаралық айырмашылықтар — кей өңірлерде кедейлік деңгейі жоғары (Түркістан, Маңғыстау), ал ірі қалада — төмен.
2. Табысты теңсіз бөлінуі — халықтың аз бөлігі ғана үлкен табысқа ие, ал қалғандары көнбіс табыспен күн көреді.
3. Әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық жүктеме — кәсіпкерлер қағаз тіркеуден бастап, рұқсат‑талабына дейін түрлі шығынға ұшырайды.
4. Жаңа салық жүйесінің тұрақтылығы мен әсері — реформалар кәсіпорындардың шығындарын қалай өзгертеді, бизнеске қандай салмақ түсіреді.
5. Әлеуметтік қорғау механизмдерін күшейту — кедейлікке қарсы, қоғамдық бағдарламалар мен әлеуметтік кепілдіктер туралы нақты шаралар.
ҮКІМЕТ ЕСЕБІ
Апта басында ғана Үкімет экономика тақырыбында жиын өткізді. Вице министр биылғы жылдың 9 айында сала 6,3% өсім көрсеткенін айтты. Әсіресе нақты сектор 8,1 пайызға ілгеріледі. Қызмет көрсету саласы да қалыс қалмай, 5,3% артқан. Экономиканың ілгерілеуіне дем берген бір фактор – инвестиция ағыны. 9 айдың ішінде негізгі капиталға құйылған қаржы 13,5 пайыз артып, 14 трлн теңгеге жуықтады.
Қаржы қызметіне жалпы инвестициялар 2 есеге, білім беруге – 1,8 есе, өңдеу өнеркәсібіне – 30,7, ауыл шаруашылығына – 21,1, көлік қызметтеріне 14,8 пайызға ұлғайған. Инвестициялардың ең жоғары өсуі Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау облысында тіркелді, - деді вице-министр Азамат Әмрин.
Бірақ қазір сырттан келетін тауарлар құны өсіп, инфляцияға қысым күшейіп отыр. Мәселені ушықтырып алмас үшін Үкімет басшысы нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастыруды тапсырды. Халыққа несие беру ісіне ерекше тоқталған.
Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемді толық ашып көрсетуі тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр өңдеу өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік министрлігіне өсім қарқынын арттыруға бағытталған бірнеше тапсырма берді. Инвестиция тарту да назардан тыс қалған жоқ. 9 айдың қорытындысы бойынша 9 облыс жоспарлы межеден қалып қойды. Осыған байланысты Үкімет басшысы әкімдіктерге инвестициялық штабтардың жұмысын жандандыруды қатаң ескертті.Олқылықтың орнын түзету үшін Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға, қауымдастық пен әкімдіктерге жанын салып жұмыс істеуді тапсырды.
Енді Үкімет басшысы аз уақыттың ішінде нақты нәтиже көрсетуі тиіс. Бұл - Президент пәрмені.
Соңғы жаңалықтар




