"Бес жастағы қыз анасының мәйітінің қасында түнеген": Талғардағы қылмысқа қатысты дерек шықты

19.01.2026 11:05 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
0
372
Рixabay

Алматы облысында 39 жастағы әйелдің күйеуінің қолынан қаза табуына қатысты жантүршігерлік қылмыс тергеліп жатыр. Қайғылы оқиға бес жасар баланың көз алдында болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның туыстарының айтуынша, әйелді азаматтық некедегі күйеуі пышақтап өлтіріп, мәйітін көрпемен жауып, үйден қашып кеткен. Қанды қылмыстан кейін кішкентай қыз түн ішінде әжесінің үйіне жүгіріп барып, көмек сұраған.

Қыздың әжесі Тұраш Қуанышева сол түні немересінің жылап келіп, көргенін айтып бергенін еске алады.

«Немерем жүгіріп келіп, “анамды пышақтап өлтірді” деді. Барсам, қызым қан-жоса болып жатыр екен. Бұл – нағыз жауыздық. Ол қызымды үнемі ұратын. Қанша рет “ажырас” деп айттым. Енді әділ жаза берілсін», – дейді марқұмның анасы.

Көршілердің сөзінше, күдікті ішімдікке жақын болған. Сол түні де мас күйде жанжал шығарып, әйеліне пышақпен шабуыл жасаған.

«Түнде бала анасының жанында жалғыз қалған. Әкесі қашып кеткен. Үйдің ішінде қан іздерін сүлгімен сүртіп, жасыруға тырысқан», – дейді марқұмның туыстары.

Марқұм мен күдікті 15 жыл бойы азаматтық некеде тұрған. Ортақ бір қыздары бар. Ер адам ресми жұмыссыз болған, соңғы уақытта жүк тасумен күн көрген. Жақындарының айтуынша, үйде жанжал жиі болып тұрған.

Оқиғадан кейін күдікті бой тасалағанымен, бір тәуліктің ішінде Талғар қаласында ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, отбасылық жанжал кезінде әйел екі рет пышақталған. Алынған жарақаттар салдарынан ол бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Қылмыстық іс бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдіктіге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий