Бибігүл Жексенбай жаңа қызметке тағайындалды
Журналист Бибігүл Жексенбайдың «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы ProKadry.kz порталы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бибігүл Жексенбай туралы
Ол 1971 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алған.
Еңбек жолын журналистикадан бастаған. 1990 жылдары «Спорт», «Жас Алаш» басылымдарында жұмыс істеп, кейін «Хабар» агенттігінде журналист, продюсер және Астанадағы орталық бюро директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
2007-2008 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясының директоры болған. Кейін «Жетінші арнада» басшылық қызметтер атқарып, 2019 жылы «Астана» телеарнасының бас директоры болып тағайындалған.
Бұдан бөлек, Бибігүл Жексенбай Сенат төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. 2023 жылы қаңтардан 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін Астана қаласынан Парламент Сенатының депутаты болған. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары және Қазақстан Азаматтық альянсы басшылығының мүшесі ретінде қызмет атқарған.
Соңғы жаңалықтар