"Бір күндік хит қумаймын": Димаш Құдайберген жаңа бейнебаянына айтылған сынға жауап берді

03.08.2026 16:21 Мөлдір ҚАЙНАР
231
Фото: Dimashnews

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа Aqerke бейнебаянына қатысты әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Шілденің аяғында жарық көрген туындыны көпшілік жылы қабылдағанымен, кейбір қолданушылар әншіге кәсіби продюсердің қажетін, төл әндерінің аз екенін және классикалық вокалды шамадан тыс қолданатынын жазған. Осыдан кейін Димаш Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, бұл жазбаны ешкімге өзін дәлелдеу үшін емес, шығармашылығын отандастарына түсіндіру мақсатында түсіргенін жеткізді.

"Мен бұл видеоны бірдеңені дәлелдеу үшін емес, шығармашылығымды жерлестеріме түсіндіру үшін жазып отырмын. Әркімнің өз талғамы бар. Мен әр адамның пікірін құрметтеймін", – деді ол.

Әншінің айтуынша, Aqerke халық әнінің жаңа нұсқасы қазақ мәдениетін шетелдік тыңдарманға жақындату үшін заманауи өңдеумен арнайы дайындалған.

"Жаңа шыққан Aqerke бейнебаянының астындағы пікірлерді мұқият оқыдым. Қолдауларыңызға да, шын көңілден айтқан сындарыңызға да рақмет. Бұл жұмыс мен үшін ерекше. Мен заманауи музыкалық бағыттардың элементтері тоғысқан үлгіні әдейі таңдадым. Халық әнін өзгертуді мақсат етпедім. Оны әр елдегі тыңдарманыма жақын әрі түсінікті болатындай жаңа қырынан жеткізгім келді", – деді Димаш.

Сондай-ақ өнер иесі репертуарының аз екені туралы пікірмен келіспейтінін білдірді. Оның сөзінше, он жылдық шығармашылық жолында классикадан бастап поп, рок, этно және рэпке дейін түрлі жанрда өнер көрсеткен.

"Репертуарымда негізінен авторлық немесе өзім продюсерлік еткен әндер бар. Кейбірі халықаралық чарттарға еніп, шетелдік тыңдарманның ықыласына бөленді. Мен үшін ең үлкен марапат – әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың қазақ тіліндегі әндерді бірге айтуы", – деп толықтырды әнші.

Димаш бір күндік хит жасауға емес, сапалы дүние ұсынуға ұмтылатынын айтып, сөз соңында келесі туындысы түрік тілінде шығатынын сүйіншіледі. Танымал әнші жаңа әннің атауы мен жарыққа шығатын уақытын әзірге құпия ұстап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий