"Бір пәсте бәрі шашылып қалады": Роза Әлқожа жазбасымен елді ойландырды
Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында өмір белестері мен адамгершілік құндылықтар туралы жазба жариялап, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі адам баласының ғұмырында қателіктер мен өкініштердің қатар жүретінін және әрдайым шынайы болуға тырысқанын жеткізді.
"Адам өмірінің жартысына дейін бәрін жасап үлгеріп қалуы керек екен. Ары қарай еңбегіңнің жемісін көресің. Демаласың, саяхаттайсың. Шамамның келгенінше, мүмкіндігім болғанынша әрекет еттім. Бір жерде қалағаным болған шығар, бір жерде болмаған шығар. Бір жерде біреуді қуантқан шығармын, бір жерде ренжіткен шығармын, білмеймін бұл өмір. Мен де пендемін. Мен де қателесемін. Бастысы, бар жағдайда шынайы болуға тырыстым", – деп жазды әнші.
Сонымен қатар өнер иесі адамның мәңгі мінсіз бола алмайтынын, өмірдің өзі үлкен сабақ екенін атап өтті.
"Адам мәңгі ақылды болмайды екен. Әсте-әсте жинағаның бір пәсте шашылып қалатын кез болады екен. Сондықтан да толықтай ешкім мұсылманмын деп те, данамын деп те мақтана алмайды. Бұл өмір ахиреттің егіндігі болса, өмір-ұстаз күн сайын шәкірт етеді, өлгенше сабақ алып өтеді екенсің", – деді Роза Әлқожа.
Соңғы жаңалықтар