«Біреулер күзетпен келді»: Алматыдағы жол апатынан көз жұмған марқұмдардың отбасына сес көрсеткен бе?

27.03.2026 10:10 Әсел Мұрат
«Біреулер күзетпен келді»: Алматыдағы жол апатынан көз жұмған марқұмдардың отбасына сес көрсеткен бе?
287
Фото: видеодан скрин

 21 наурыз күні Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған ауыр жол  апаты салдарынан 3 адам қаза тапты. Осы қайғылы жағдайдан кейін депутат Мұрат Әбенов аталған көшелерде көлік қозғалысының жоғары жылдамдықпен жүретінін және полиция тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін мәлімдеген болатын. Бүгін ол марқұмдардың отбасы мүшелері тергеу барысына күмәнмен қарайтынын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz. 

Оның айтуынша, оқиғаға байланысты белгісіз адамдар марқұмдардың бірінің отбасына келіп, олардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызған. Бұл жағдай туыстардың тергеудің әділ өтетініне сенімсіздік білдіруіне себеп болған.

Депутаттың сөзінше, отбасы мүшелері қылмыстық істің ашық әрі әділ қаралатынына күмән келтірген. Олар бейтаныс адамдардың байланысқа шығып, мекенжайын белгісіз жолмен тауып келгенін айтқан.

«Қылмыс бойынша тергеу ашықтығы қаншалықты әділетті болатынына күмәндерін айтып жеткізді. Олардың үркіп-шошып жатқаны — бұл отбасына біреулер хабарласып, мекенжайын қайдан алғаны белгісіз келіп, күш көрсетпесе де, өздерінің мүмкіндіктерін байқатып, күзетпен келген. Солар осыдан соң күмәндерін білдірді. Маған хабарласты. Содан кейін мен істі қолға алып, дәл Сейфуллин және Әл-Фараби көшелеріне барып көрдім. Тікелей эфирге шығып бірден сын айтып, полицияны сынасам, маған бір полиция қызметкері келіп «ондай емес қой, бәрін бақылап отырмыз» деп айтып тұрды», — деді Мұрат Әбенов. 

Айта кетейік, Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылында 21 наурыз күні жантүршігерлік жол апатынан 3 адам оқиға орнында қаза тапты. Полиция бұл оқиғаны ҚР ҚК-ның 345-бабының 4-бөлімі бойынша тергеп жатыр. Бұл бап бойынша кінәлі адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Осы оқиғадан кейін Алматы полициясында ішкі тексеріс басталып, нәтижесінде үш шенді полицей жұмыстан қуылып, заң бұзушылықтар анықталды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий