Бишімбаевтың анасы туысын сотта жеңіп, қыруар қаражат өндіріп алды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың пайдасына шешім шығарып, 1 миллион доллар жымқырды деп айыпталған туысы Бекзат Кемеловаға қатысты жаза тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот үкімімен Бекзат Кемелова алаяқтық жасады деп танылып, мүлкі тәркіленумен қатар 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның кішкентай баласы болғандықтан, сот жазаны өтеу мерзімін бір жылға кейінге шегерді. Шешімге сәйкес Бекзат Кемелова жәбірленуші Альмира Нұрлыбекованың пайдасына 500 118 300 теңге төлеуге міндеттелді. Одан бөлек 45 миллион теңге тұратын пәтердің құны өндіріліп, шығынды өтеу үшін тағы бір пәтері тәркіленетін болды.
Айта кетейік, былтыр көктемде Бишімбаевтың анасы туысына 1 миллион долларды сақтауға беріп, кейін қайтарып ала алмағанын айтып шағым түсірген еді. Нұрлыбекованың мәлімдеуінше, Бекзат Кемелова оның қиын жағдайын пайдаланып, бұл қаражатты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тәркілейді деген сылтаумен алдап алған. Сотта оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен және куәгерлердің жауаптарымен толық дәлелденді.
Бекзат Кемелованы Қуандық Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенованың отбасын қорғаған адвокат Игорь Вранчев жақтады. Адвокат бұған дейін мұндай жағдай мүлдем болмаған, ал Бишімбаевтың анасы ұлының ісі кезінде туыстарының көмектесуден бас тартқаны үшін сотқа берді деген болатын.
Бекзат Кемелова – Бишімбаевтар отбасының туысы. Күйеуі – Қайрат Кемелов Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаевтың немере ағасы болып табылады.
Соңғы жаңалықтар