Бишімбаевтың анасы туысын 1 млн доллар ұрлады деп сотқа берді
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова өз туысы Бекзат Кемелованы сотқа берді. Ол Кемелованы 1 миллион доллар ақшасын иемденіп алды деп айыптап отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Нұрлыбекованың айтуынша, ол туысына және оның жұбайына 1 миллион долларды сақтау үшін берген, алайда кейін қаражатты қайтара алмаған.
Мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Абдрахманованың сөзіне сүйенсек, Кемелова Бишімбаев ісіне байланысты қиын жағдайда жүрген Нұрлыбекованы алдап, ақшаны «Антикор тәркілейді» деген желеумен өзіне өткізіп алған.
Ал Кемелованың қорғаушысы Игорь Вранчев бұл айыптауларды жоққа шығарып, істің отбасылық жанжалдан шыққанын айтады.
«Менің қорғауымдағы адам Нұрлыбекованың ақшасын иемденген жоқ. Бұл — екі отбасы арасындағы өзара кикілжіңнің салдары. Оның жұбайы, бұрынғы сот-медициналық сарапшы, кезінде Бишімбаев ісіне араласудан бас тартқан. Сол себепті араздық туындады», – деді адвокат.
Жәбірленуші тараптың өкілі – Ерлан Газымжанов. Ол бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың адвокаты болған.
Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Үкім апелляцияда өзгеріссіз қалды, қазір ол түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар