Бішкекте қазақстандық әншіге қатысты дау шықты
Қазақстандық рэпер Jah Khalib (шын есімі — Бахтияр Мамедов) 29 қарашада Бішкекте концерт өткізуі тиіс. Алайда әлеуметтік желілерде оның өнер көрсетуіне қарсы белсенді науқан жүріп жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Желі қолданушылары орындаушының әйелдерге қатысты айтқан даулы пікірлерін еске салуда.
24KG жазғандай, бұл сынға себеп — 2024 жылдың сәуірінде ORTA подкастында айтылған сөздері. Сол кезде Jah Khalib «әйелдің киім үлгісі зорлық-зомбылыққа итермелеуі мүмкін» деген ой айтқан. Оның пікірінше, «жабық киінген» әйелдер мұндай жағдайдан көбірек қорғана алады.
Бұл мәлімдеме қоғамда наразылық тудырды. 24KG әлеуметтік желілерден бірнеше пікір келтірген. Кейбір қолданушылар концертті тоқтатуды талап етсе, басқалары рэперден кешірім сұрауды өтінген. Алматылық дизайнер Салтанат Әбділдәева былай деп жазды:
«Jah Khalib бірнеше рет Қазақстанда концерт өткізуге тырысты, бірақ оларды да болдырмады. Енді Қырғызстанға бет алды — онда да қарсы болып жатыр. Неге ол өз сөздері үшін кешірім сұрамайды? Әлде әлі де өз ойын дұрыс деп санай ма?»
Соған қарамастан, концертке дейін екі апта қалса да, билет сату жалғасып жатыр. Демек, Бішкекте Jah Khalib өнерін тоқтатуға бағытталған кампания әзірге нәтижесін бермеген.
Соңғы жаңалықтар