«Бізге болады деген»: Бейнеуде шетелдік туристерді пойызға кіргізбей қойды
Маңғыстау облысының Бейнеу станциясында шетелдік екі велосаяхатшы күтпеген жағдайға тап болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты NewTimes.kz-ке сілтемемен.
Олар пойызбен Қазақстаннан шығып, Өзбекстанға қарай жол тартпақ болғанымен, велосипедтерін вагонға кіргізуге рұқсат берілмеген.
Оқиға туралы саяхатшылардың бірі Instagram парақшасында видео жариялаған. Оның айтуынша, Қазақстаннан Өзбекстанға автомобильмен өтетін шекара бекеті жеке тұлғалар үшін жабық болғандықтан, олар пойыз арқылы елден шығуды жоспарлаған.
Туристер қажетті бағыттағы билеттерді бірден таба алмаған. Ақыры Шымкентке дейін билет алып, Бейнеуде бірнеше күн пойыз күткен.
Алайда сапар күні велосипедтер мәселесі туындаған. Саяхатшының сөзінше, олар велосипедтерді пойызбен тасымалдауға болатынын алдын ала анықтап, тиісті қызметкерлерден рұқсат алған. Бірақ пойызға отыратын кезде велосипедтерді қабылдаудан бас тартылған.
Осыдан кейін туристер вагоннан түсіп, жолға шығу жоспарын өзгертуге мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда теміржол қызметкерлерінің саяхатшылардың заттары мен велосипедтерін пойыздан шығарып жатқаны көрінеді.
Жазба нешетүрлі пікірлерге де себеп болды. Кейбір желі қолданушылары теміржол қызметкерлерінің әрекетін түсіністікпен қабылдап, олар белгіленген тәртіпті орындағанын жазды. Ал енді біреулер велосипедпен сапар шегетін жолаушылар тасымалдау талаптарын алдын ала нақты білуі керек екенін атап өтті.
Саяхатшы болса, бұл мәселені алдын ала сұрағанын айтып, қызметкерлерден велосипедтермен бірге пойызға отыруға болатыны туралы жауап алғанын жеткізді. Кейін ол оқырмандарын жағдайға қатысты біржақты пікір білдірмеуге шақырды. Турист болған жағдайды үлкен жанжал ретінде қабылдамайтынын айтып, түсініспеушіліктер кез келген жерде болуы мүмкін екенін жазды.
Соңғы жаңалықтар