Болат Назарбаевтың суреті бар қымбат сағат OLX-те саудаланып жатыр

Болат Назарбаевтың суреті бар қымбат сағат OLX-те саудаланып жатыр
Коллаж Politico.kz

Алматыда Болат Назарбаевтың бейнесі бар қолсағат 600 мың теңгеге сатылымға шықты, деп хабарлайды Politico.kz OLX хабарландыруына сілтеме жасап.

Алматыда Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаевтың 55 жылдығына арналып шығарылған естелік қолсағат сатылып жатыр. Сатушы бұйымның жаңа екенін айтып, сыйлықтың түпнұсқалығын растайтын құжаты бар екенін хабарлаған.  

Ерекше сағат үшін иесі 600 мың теңге сұрап отыр, алайда бағаны келісуге (саудаласуға) дайын.

Қолсағаттың қара түсті циферблатына Назарбаевтың портреті салынған. Ал артқы қақпағында «Bolat Nazarbayev» есімі, «55 ЛЕТ» деген жазу мен «23 марта 2008 года» датасы ойылып жазылған. Бұйым кварц механизмімен жұмыс істейді және былғары бауы бар.

Сондай-ақ корпустағы «Limited Edition» таңбасы мен «45/55» нөмірі бұл сағаттың бар болғаны 55 данамен шыққан серияның 45-ші данасы болуы мүмкін екенін аңғартады. Дегенмен жалпы таралымын тек осы белгі арқылы нақты растау қиын.

«Естелік дана ретінде жақсы сақталған. Сыйлықтың шығу тегін растайтын сертификаты/құжаты бар», – делінген хабарландыру мәтінінде.

Сатушы сатып алушымен жеке кездесіп, сағат пен тиісті құжаттарды бірге қарап шығуды ұсынған. Алайда бұл естелік бұйымды нақты кім жасап шығарғаны және бастапқыда кімге сыйға тартылғаны туралы нақты мәлімет көрсетілмеген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу