Бота Миа: Бір Reels түсіруге 1 млн теңгеге дейін жұмсаймын

18.09.2026 20:05 Томирис САҒЫНДЫҚ
Бота Миа: Бір Reels түсіруге 1 млн теңгеге дейін жұмсаймын
309
Фото: видеодан скриншот

Контент жасау саласындағы видеотаспалардың өзіндік құны, идея табу жолдары және өндіріс процесінің қыр-сыры белгілі болды. Блогер Бота Миа желідегі қысқа видеолардың (Reels) бюджеті мен шығармашылық ұжымның жұмыс режимі туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы танымал блогер НТК арнасының «Не дейді?» бағдарламасында баяндады.

Блогердің сөзінше, сапалы видеоөнім дайындау белгілі бір қаржылық ресурстарды талап етеді.

«Бір Reels түсірудің бағасы оның ұзақтығына да байланысты. Сапалы әрі «вау» дүние жасағымыз келсе, бір Reels құны 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Айына шамамен 5-6 Reels шығарамыз. Қалғандарын телефонға түсіре береміз. Межеленген 10 видеоның ішіндегі белгілі бір тақырыпқа арналған сапалы 5-6 өнімге арнайы қаржы жұмсалады», – деді Бота Миа.

Сонымен қатар ол медиаөнімнің идеясы қайдан алынатынын және айналадағы құбылыстарды контентке айналдыру процесін түсіндірді.

«Мен өзім кішкене қызық адаммын. Барлық идеяны Алла береді ғой. Мысалы, қазір сіздердің студияларыңызда отырып, «Алматының батқан күні» деген мына әдемі картинаны көрдім. Осыған қарап-ақ Алматы туралы жаңа рилс түсіру ойға келуі мүмкін. Немесе әдемі шаш үлгісі бар қызды көрсем, ол идеяны келесі рилста қолдануды жоспарлаймын. Тіпті трендтегі күлкілі видеоны көрсем де, оны өз форматымызға икемдеуді ойлаймын. Яғни, миым әрқашан автоматты түрде жаңа идея іздеп тұрады. Белгілі бір қызық жағдайды көрсем, оны жарнамаға қалай айналдыруға болатынын бірден жобалаймын», – деді блогер.

Шығармашылық топ тек ойын-сауық форматымен шектелмей, әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды да қамтиды.

«Идеялардың 100 пайызы тек маған тиесілі деп айта алмаймын. Шамамен 80 пайызы – менің идеологиям, ал қалған 20 пайызын контент-мейкерлер ұсынады. Олар трендтегі тақырыптарды айтып, түсіруге ұсыныс тастайды. Сонымен қатар біз әлеуметтік мәселелерге, Қазақстандағы өзекті тақырыптарға арналған салмақты контенттер де дайындаймыз. Мысалы, жақында зорлық-зомбылық тақырыбында видео түсірдік. Оның сценарийін Әсеке жазып берді», – деді Бота Миа.

Сондай-ақ Бота Миа жұмыс барысындағы жеделдіктің маңызы мен команда мүшелерінің жауапкершілік аймағына тоқталды.

«Идея келген бойда іске асырмасам, оның шабыты мен энергетикасы жоғалып кетеді. Бұл – шығармашылықпен айналысатын адамдар үшін өте маңызды инсайт. Ой түскен бойда ұжымды жинап, іске кірісу керек. Кейде түнде дабыл қағып, сәйкес келетін видеографты броньдауға тапсырыс беремін. Бізде әр бағытқа жауапты мамандар бар: fashion бағытына белгілі бір видеографтар жауап берсе, әлеуметтік тақырыптарды режиссерлік көзқарасы бар мамандар түсіреді. Оларға бірден хабарласып, түсірілім уақытын белгілеймін. Сол ыстық лебізбен, ерекше энергетикамен жасалған өнім ғана халықтың жүрегіне жол табады», – деді блогер.

Войдите, чтобы оставить комментарий