Тамаққа 49 мың құмырсқа қосқан мейрамхана айыппұл арқалады

18.09.2026 21:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тамаққа 49 мың құмырсқа қосқан мейрамхана айыппұл арқалады
157
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Сеулдегі «Мишленнің» екі жұлдызын алған Evett мейрамханасы десертті құмырсқамен сәндегені үшін айыппұл арқалады. Оңтүстік Кореяның Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмек қауіпсіздігі министрлігі бұл құқық бұзушылықты ғаламтордағы фотосуреттер мен пікірлер арқылы анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы bbc.com басылымы жазды. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, азық-түлік санитариясы туралы заңды бұзғаны үшін мекеме иесіне 15 миллион вон (шамамен 11 мың доллар), ал мейрамхааны басқаратын компанияға 10 миллион вон айыппұл салынды.

Сотта белгілі болғандай, мейрамхана иесі төрт жылға жуық уақыт бойы десертке қышқыл дәм беру үшін әр тағамға 3-5 құмырсқадан сепкен. Осы аралықта тағамды безендіруге жалпы жиынтығы 49 мыңға жуық құмырсқа қолданылған. Азық-түлікке қосылған бұл жәндіктердің басым бөлігі АҚШ-тан, ал қалғаны Таиландтан жеткізілген.

Мекеме иесі бұл өнімнің 15 түрлі тағамнан тұратын мәзірдің азғантай бөлігінде ғана қолданылғанын және қонақтарға құмырсқасыз нұсқаны таңдау мүмкіндігі берілгенін айтып ақталды. Сонымен қатар ол шетелде құмырсқа жеуге рұқсат етілгендіктен, Оңтүстік Кореяда бұған тыйым салынғанынан бейхабар болғанын жеткізді.

Негізінде, Оңтүстік Кореяда адам тағамы ретінде пайдалануға рұқсат етілген 10 түрлі жәндіктің тізімінде құмырсқа жоқ. Бұл тізімге тек шегіртке мен жібек құртының кейбір түрлері кіреді.

Айыптаушы тарап ресторан иесін бір жылға бас бостандығынан айыруды және 20 миллион вон айыппұл салуды сұраған еді. Дегенмен судья айыпталушының кінәсін толық мойындағанын әрі бұрын сотталмағанын ескерді. Алайда сот сараптамасы құмырсқалардың құрамынан рұқсат етілген шектен тыс ауыр металдарды тапты. Осыған байланысты судья тамақ қауіпсіздігі стандарттарының бұзылуын «жеңіл-желпі айып емес» деп бағалады.

Айта кету керек, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде құмырсқа жеу қалыпты құбылыс әрі деликатес саналады. Таиланд пен Камбоджа асханасында тоқымашы құмырсқалар мен олардың жумыртқалары кеңінен қолданылса, Колумбияда аналық құмырсқалар уылдырық сияқты жоғары бағаланады. Ал «Мишлен» жолнұсқасының анықтамасы бойынша, екі жұлдызға ие болған ресторандар – «тағамды шебер дайындайтын, әдейі бұрылып баруға тұрарлық» үздік мекемелер.

Войдите, чтобы оставить комментарий