Дана Нұржігіт: Екінші рет тұрмысқа шыққаным – өмірдегі ең үлкен қателігім

18.09.2026 20:57 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дана Нұржігіт: Екінші рет тұрмысқа шыққаным – өмірдегі ең үлкен қателігім
250
Фото: видеодан скриншот

Журналист әрі тележүргізуші Дана Нұржігіт «Көлеңке. 115-1» атты жаңа кітабының жазылу тарихын баяндап, адамды аңду мен психологиялық қысым көрсетудің салдарына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Дана Нұржігіт бұл туралы "Жанды сөз" бағдарламасында айтты. 

Автордың айтуынша, заңнамадағы жаңа бап қоғамда жиі кездесетін қудалау әрекеттерінің алдын алуға бағытталған.

«Екінші рет тұрмысқа шыққаным шығар. Сол ең үлкен қателігім болды... Иә, 115-1. Бұл – Қылмыстық кодекске 2025 жылы енгізілген арнайы бап. Сталкинг туралы бап. Мен осы цифрды, осы баптың нөмірін кітаптың мұқабасына шығарып тұрмын: «Көлеңке. 115-1». Бұл – адамды қудалау, аңду, психологиялық қысымда ұстау, адамды кәдімгідей мезі қылып шаршату. Бір аккаунттан, екінші аккаунттан жасырынып жазу, кибершабуыл жасау, яғни телефонның сим-карталарын ауыстырып, әртүрлі телефоннан қоңырау шалу, түнде офлайн қуалап, күндіз әлеуметтік желіде артынан түсу сияқты жағдайларды жиі естіп жатамыз. Қарап отырсақ, бұл – одан кейінгі келесі баптарға, яғни бопсалауға, мәжбүрлеуге немесе адамды мүгедек қылып жарақаттауға, денесіне зақым келтіруге, ал ең ауыры – адам өліміне әкелетін оқиғалардың бастамасы ғана. Сондықтан мен кітаптың алғы сөзінде де: «Сталкинг – қылмыстың басы ғана» деп қайталап айтамын. Ол расында да солай», – деді Дана Нұржігіт.

Сонымен бірге ол туындының негізіне айналған жеке өміріндегі қателіктер мен ішкі күйзелістерін жасырмады.

«Бұл кітап ұзақ жазылды. Алғашқы сөзімде айтқанымдай, бұл – әбестік жасап, «жалғызбасты әйелдің тағы бір үміті бар шығар» деген далбаса ойға сенгенімнен болды. Қазір оны ашық айтуға болады. Кез келген адам үмітке сенеді ғой, «жақсы болып кетер» деп жақсылықтан үміт күтеді. Сондай жағдайларда қателік жасағанымды өзім де мойындаймын. Кітаптың соңы да баламнан кешірім сұраумен аяқталады», – деді тележүргізуші.

Бұдан бөлек, Дана Нұржігіт қоғамда сталкинг пен махаббат ұғымдарын шатастырмау керектігін ескертті.

«Осы оқиғаны бастан өткеріп жүрген кезде сталкинг туралы көбірек айтуымыз, оны көбірек насихаттауымыз керек екеніне көзім жетті. Заң қабылданады, оны Парламент мақұлдап, Президент қол қойып берді. Енді ол заңның жұмыс істеуі өзімізге байланысты. Біз «сталкинг деген не өзі?» дегенді танып-білуіміз керек. Махаббат пен, әсіресе қыз бен жігіттің арасындағы сезім мен адамның жеке шекарасынан өтіп кетіп, аңду мен қудалауға ұласқан әрекеттерді махаббатпен шатастыруға болмайды. Біреудің өмірін «ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда ұстаймын» деп мәжбүрлі түрде жасалатын психологиялық қысым – махаббат емес. Оны махаббатпен шатастырмау керек», – деді Дана Нұржігіт.

Войдите, чтобы оставить комментарий