Бруклин көпірінен секірген адам қазақстандық блогер болып шықты

04.08.2026 16:53 Әсел МҰРАТ
Бруклин көпірінен секірген адам қазақстандық блогер болып шықты
319
Фото: видеодан скрин

Нью-Йорк полициясы Бруклин көпіріне бірнеше туды, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік туын іліп, кейін киімін шешіп, Ист-Ривер өзеніне секірген ер адамның кім екенін анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның 44 жастағы блогер Ғалымжан Абайылдаев екені белгілі болды. 

Ер адам Бруклинде тұрады. Оқиғадан кейін оны Нью-Йорк су полициясының қызметкерлері құтқарып, ауруханаға жеткізген. Кейін оған қауіпті жағдай туғызу, заңсыз кіру, қоғамдық тәртіпті бұзу, граффити салу және көпшілік алдында әдепсіз әрекет жасау бойынша айыптар тағылған.

Ер адамның көршісіне сілтеме жасаған New York Post басылымының жазуынша, оқиғаға дейін көп ұзамай Абайылдаев көпірден секірмек болғанын айтқан. Сонымен қатар бұл оқиға оның туған күнінде болған.

Әлеуметтік желілердегі ашық дереккөздерге қарағанда, Абайылдаев саяси блог жүргізіп, Қазақстанға қатысты бейнематериалдарды тұрақты түрде жариялап отырған. Оның контентінің едәуір бөлігі эксцентрикалық сипатта болған. Желіде ол Мангурт Магди деген бүркеншік атты да пайдаланған.

Ер адамның мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге ресми түрде белгісіз. Шетелдік БАҚ оқиғаны оның саяси көзқарастарымен байланыстырып жатса да, Нью-Йорк полициясы бұл акцияның нақты себебін атаған жоқ. Ал Абайылдаев ұсталғаннан кейін оқиғаға қатысты көпшілік алдында түсініктеме бермеген.

Осы оқиғаға қатысты еліміздің сыртқы істер министрлігіне сауал жолдадық.

Войдите, чтобы оставить комментарий