Дана Нұржігіт: Қазір отбасында табыс екі жақтан да түсуі қажет
Тележүргізуші Дана Нұржігіт бұл құбылыстың әлеуметтік себептеріне тоқталып, отбасындағы тұрақтылық пен әйел ағзасына эмоционалдық жағдайдың қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы экс-депутат «Алқа» радиосындағы сұқбатында айтты.
Отбасы құрылымының трансформациясы мен қаржылық жауапкершілік туралы айта келе ол екі тараптың да тең түсуі қажеттігін атап өтті.
«Батыс мәдениетінің ықпалымен қазіргі қоғамда отбасын құру мен бала сүюге қатысты көзқарас айтарлықтай өзгерді. Заманауи медициналық мүмкіндіктердің арқасында тұрмыс құруды кейінге қалдыру қалыпты құбылысқа айналды. Сонымен қатар жас отбасылардың баспанамен қамтылуы, қымбатшылық пен жауапкершілікті сезіну сияқты әлеуметтік-материалдық факторлар да бұл үдеріске тікелей әсер етуде. Дегенмен, қазіргі таңда отбасы институты жаңаша сипат алуы тиіс деп есептеймін. Табыс екі тараптан да түсуі қажет. Әсіресе қыз балалардың білімді болуы — болашақ ұрпақтың білімді болуының кепілі. Ал ер азаматтардың бойында жоғары жауапкершілік болуы маңызды. Заманауи отбасында ерлі-зайыптылар тек жұбайлар ғана емес, бір-біріне сенімді серіктес, өз өмірлерінің тиімді менеджері болуы керек», — деді Дана Нұржігіт.
Сонымен бірге, ол әйелдің эмоционалдық жай-күйі мен қауіпсіздігінің оның репродуктивті денсаулығына тікелей ықпал ететініне тоқталды.
«Әйел адам өзін қауіпсіз әрі орнықты сезінгенде ғана оның психологиялық және физиологиялық жағдайы қалыпқа түседі. Алаңдаушылық пен белгісіздік болмаған жерде әйелдің организмі ұрпақ өрбітуге, ана болуға толықтай дайын болады. Ал болашаққа деген қорқыныш пен күйзеліс, керісінше, гормональды жүйеге де, бала көтеру мүмкіндігіне де кері әсерін тигізеді», — деді ол.
Тележүргізушінің айтуынша, шаңырақтағы береке мен ана денсаулығы тікелей ер азаматтың қолдауы мен отбасындағы микроклиматқа байланысты.
«Әйел — өте сезімтал организм. Оның саулығы мен көңіл-күйі, тән және жан рахаты күйеуінің көрсеткен қолдауына, жылы сөзі мен қамқорлығына тікелей байланысты. Күйеуінің тарапынан жақсы қарым-қатынас, қолдау мен жайлы атмосфера орнағанда, әйелдің ағзасы да босаңсып, сәбиін емізуі де, отбасындағы береке де өз арнасын табады», — деп түйіндеді Дана Нұржігіт.
Соңғы жаңалықтар