Даниал Ахметовтің күйеу баласы «ҚТЖ»-ға келе ме – компания жауап берді

04.08.2026 10:19 Әсел МҰРАТ
Даниал Ахметовтің күйеу баласы «ҚТЖ»-ға келе ме – компания жауап берді
266
Фото: ашық дереккөз

«ҚТЖ» Ерлан Қойшыбаевтың компания басшылығына тағайындалуы туралы қауесетке жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ерлан Қойшыбаевтың компания басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.

Бұған дейін бейресми ақпарат көздерінде Ерлан Қойшыбаев «ҚТЖ» басшысының бірінші орынбасары қызметіне келуі ықтимал деген мәлімет тараған болатын. 

«Біздің басылымның жеке дереккөзі хабарлағандай, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да кезекті кадрлық ауыс-түйістер болуы мүмкін. Болжам бойынша, басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Ерлан Қойшыбаев тағайындалады. Қазіргі уақытта ол компанияның логистика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып отыр», - делінген желіде тараған ақпаратта.

Осы ақпаратқа байланысты ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.

«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан заңнамасына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», – делінген компанияның түсініктемесінде.

Айта кетейік, Ерлан Қойшыбаев – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары. Ол компанияның еншілес құрылымдары – KTZ Express, «Кедентранссервис» АҚ, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарының қызметін үйлестіреді.

Ерлан Қойшыбаев Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі әрі Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовтің қызы Аделия Ахметоваға үйленген.

Войдите, чтобы оставить комментарий