Данияр Елеусінов бостандыққа шықты

29.07.2026 09:14 Әсел МҰРАТ
Данияр Елеусінов бостандыққа шықты
165
Фото: instagram.com/dictaturazakona

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулік әкімшілік қамауда болғаннан кейін бостандыққа шықты. Спортшы 28 шілде күні кешкі уақытта арнайы қабылдау орнынан босатылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Tengrinews.kz жазуынша, оны мекеме қақпасының алдында жары мен жақын достары күтіп алды. Журналистердің сұрағына жауап берген Елеусінов болған жағдайға қатысты өкініш білдірді.

«Оқиғаға қатысты айтар болсам, болары болды. Өздеріңіз де көрдіңіздер. Бұған қатты өкінемін», – деді спортшы.

Осыдан кейін Данияр Елеусінов өзін күтіп алған адамдармен бірге көлікке отырып кетіп қалған. 

Данияр Елеусінов не үшін қамауға алынды?

Еске салайық, спортшы 9 шілдеде мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болды деген күдікпен ұсталған еді. Астана қаласының әкімшілік соты оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырған.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан бірнеше көлік зақымданған. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota Land Cruiser көлігін басқарған Елеусінов бірнеше автокөлікпен соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері оны ұстаған.

Кейін әлеуметтік желілерде жол апатынан кейін зақымданған көліктің суреті тарады. Ол автокөлік Данияр Елеусіновке тиесілі деген ақпарат айтылды. Кадрлардан күңгірт түсті Toyota Land Cruiser 250 Prado көлігінің алдыңғы сол жақ бөлігі қатты зақымданғанын көруге болады. Соққыдан көліктің бампері қирап, қанаты мен капоты майысқан. Сондай-ақ фарасы бүлініп, дөңгелек доғаларындағы пластик қаптамалары зақымданған.

Данияр Елеусінов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар спортшы 2010 және 2014 жылдары Азия ойындарында екі рет жеңіске жетіп, 2013 және 2015 жылдары Азия чемпионы болды.

Кәсіпқой бокста Елеусінов жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы (2021–2024) және IBF Inter-Continental чемпионы (2020–2022) атақтарын иеленген

Войдите, чтобы оставить комментарий