Дәрет сындырған видео: полиция шетелдік турист туралы материалдарды Сыртқы істер министрлігіне жіберді
Маңғыстауда табиғат аясында дәрет сындырып отырған видеосын жариялаған шетелдік турист Олеся Плюснинаға қатысты материалдар Сыртқы істер министрлігіне жіберілді. Полиция оны анықтағанымен, турист Қазақстаннан кетіп қалған, деп хабарлайды Politico.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерді бақылау кезінде мемлекеттік табиғи қорық аумағында түсірілген бейнежазба табылған. Полиция видеодағы әрекетті ұсақ бұзақылық деп бағалап, шетел азаматының жеке басын анықтаған.
Тексеру барысында бейнежазбаның Плюснина елден кеткеннен кейін жарияланғаны белгілі болды. Енді жиналған материалдар Сыртқы істер министрлігі арқылы тиісті дипломатиялық өкілдікке жолданбақ.
Желіде сынға қалған турист видеосына «Дәрет сындыратын жер 10/100» деген жазба қосқан. Ол Маңғыстауды жол талғамайтын көлікпен аралап, Қызылқұпта да болған.
Плюснина әлемді аралап, саяхаты туралы ағылшын тілінде видеолар түсіреді. БАҚ оның Канададан болуы мүмкін екенін жазғанымен, полиция қай елдің азаматы екенін хабарламады.
Департамент Қазақстан заңдарын сақтау керектігін ескертіп, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға заңда көзделген жауапкершілік барын мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, видео жарияланған парақша жойылған. Politico.kz аталған жайтқа қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.
Соңғы жаңалықтар