Дарын Мубаров: Әулиенің басына түнеп, тілек тілеу дұрыс емес

04.08.2026 22:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дарын Мубаров: Әулиенің басына түнеп, тілек тілеу дұрыс емес
227
Фото: видеодан скриншот

Биыл 860 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған уағызшы Дарын Мубаров қазір немен айналысып жүргенін, әлеуметтік желіде неге бой көрсетпейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

«Солай, айыппұл алдық. Уағыз мәселесіне келсек, заң бойынша бұл жайтты біраз сөйлесіп, анықтап көрген едім. Түсінгенімше, дін тақырыбында уағыз жүргізу үшін арнайы рұқсат алған имамдардың өзіне шектеулер бар екен. «Имам» деген мәртебе кез келген жерде уағыз айта беруге болады дегенді білдірмейді. Олардың өзі мешіт ішінде өткізуге құқылы, ал мешіттен тыс жерлерде уағыз жүргізу үшін арнайы рұқсат қағазы талап етіледі. Жыл сайын заңдар мен тәртіптер, талаптар өзгеріп отырады ғой. Сондықтан біз ресми имам болмағандықтан, тіпті ресми имамдардың өзіне рұқсат қағаз керек болып жатса, бізге мүлдем рұқсат етілмейтіні түсінікті», — деді Дарын Мубаров.

Одан ары уағызшы өзінің әлі де халықпен етене араласып, тығыз қарым-қатынаста жүргенін жеткізді.

«Әлеуметтік желіге келсек, қазір адамдардың өмірі екіге бөлінді: виртуалды және шынайы өмір. Әлеуметтік желіде адамдардың өз алдына бөлек өмірі бар сияқты: ішкен-жегенін, жүрген-тұрғанын салып отырады. Ал мен үшін әлеуметтік желідегі виртуалды өмірге қарағанда, шынайы өмір әлдеқайда маңыздырақ әрі қарбаласқа толы. Басқа біреулер көзі ақшаға толып: "Жұмысым да, уақытым да жоқ" деп жатады. Ал менде бәрі былай басталды: күнделікті адамдармен жұмыс істеймін. Ақылы, тәжірибесі бар адамдар кеңес сұрайды, түрлі сұрақтар қояды. Содан бері мүлдем босай алмай жүрмін, әлі де солай халықпен тығыз жұмыс істеп жалғасып жатырмыз», — деді уағызшы.

Ол өзіне үміт артып, ақыл-кеңес сұрай келетін жамағаттың көбіне қандай мәселелермен жүгінетінін де ашып айтып, ел ішіндегі түрлі тағдыр мен түйткілді жайттардан сыр тарқатты.

«Күнделікті жиі берілетін кеңестердің көбі дінге байланысты болады. Қазір жастар әлеуметтік желі арқылы ақпарат алып, іздене алады. Дегенмен, сұрақтардың басым көпшілігі отбасылық мәселелер мен туыстық қарым-қатынастарға қатысты болып келеді. Одан кейін сауда-саттық, ақшалай алыс-берістегі келіспеушіліктер жиі кездеседі. Адамдар бір-біріне ренжіп, "кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін әділ шешіп беріңізші" деп өтінеді. Сонымен қатар, "әкем арақты тастауы үшін бір ауыз насихат айтсаңыз" немесе "балам намаз бастаса екен, соған өнегелі әңгіме айтып берсеңіз" деп өтінетіндер де бар», — деді Дарын Мубаров.

Войдите, чтобы оставить комментарий