Қазақмыс Жезқазғандағы кеншілерге заманауи жағдай жасауға кірісті

23.09.2026 11:37 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс Жезқазғандағы кеншілерге заманауи жағдай жасауға кірісті
146
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс» Жезқазған өңіріндегі «Батыс» кенішінде жұмыскерлерге арналған тұрмыстық нысандарды жаңартып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның баспасөз хабарламасына сәйкес, жалпы құны 89,4 млн теңгеден асатын 5 жобаның төртеуі аяқталған.

№73-75 шахталардың әкімшілік-тұрмыстық корпусы мен жылу өткелі жөнделіп, автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар корпус пен жылу өткелінің шатырларына жаңа су ағызу жүйелері қойылды.

Қазір негізгі жұмыс №67 шахтаның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жүріп жатыр. Мұнда 70 адамға арналған жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелер күрделі жөндеуден өтуде. Компания дерегінше, жұмыстың 40%-ы орындалған.

Жөндеу барлығы 569,3 шаршы метр аумақты қамтиды. Жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелердің кафелі, дәліздің едені жаңартылады. Бұған қоса, 14 кабинет пен қосалқы бөлмелердің қабырғаларын сылап, бояу, аспалы төбе орнату, есік-терезелерді ауыстыру жоспарланған.

«Қазақмыс» №67 шахтадағы жөндеу бекітілген кестеге сай жүріп жатқанын, оны жыл соңына дейін аяқтау көзделгенін хабарлады.

Бұл жобалар компанияның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасына кіреді. «Қазақмыстың» мәліметінше, жаңа басшылық қолға алған бағдарлама кәсіпорындар мен кеніштердегі еңбек жағдайын ұйымдастыру тәсілін жаңартуға бағытталған. Мақсаты жұмыскерлердің күнделікті еңбегіне заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау екенін компания атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий