Декреттегі әйелін бақпаған еркек соттан бір-ақ шықты
Маңғыстау облысында бала күтімімен отырған жұбайына материалдық көмек көрсетуден қашқан ер адам сот шешімімен әйеліне алимент төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметіне сүйенсек, ерлі-зайыптылар 2024 жылы шаңырақ көтеріп, бір жылдан кейін ортақ сәбилері дүниеге келген. Отбасының некесі ресми түрде бұзылмағанына қарамастан, 2026 жылы ер адамнан баланы асырауға арнайы бұйрықпен алимент өндіріле бастаған.
Алайда отағасы декреттегі жұбайына өз еркімен ешқандай қаражат бермей, қаржылық тұрғыдан қолдау көрсетуден мүлдем бас тартқан. Осыған байланысты әйел қайтадан сотқа жүгініп, баласы үш жасқа толғанға дейін өзін асырау үшін күйеуінен қосымша қаражат өндіруді талап еткен.
Іс материалдарын қараған судья талапкердің уәжін негізді деп танып, күйеуін бала үш жасқа толғанша әйелінің пайдасына ай сайын 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде қаражат төлеп тұруға міндеттеді. Қазіргі уақытта сот шешімі толықтай заңды күшіне енген.
Соңғы жаңалықтар