Депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі жазбасы үшін сынға қалды
Мәжілісмен Мұқаев қазақ есімдерінің айтылуына қатысты сұрағы үшін сынның астында қалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мәжіліс депутаты әрі блогер Дәулет Мұқаев Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін қоғамның сынына ұшырады. Депутаттың қазақ есімінің орысша айтылуына қатысты сауалы көпшіліктің наразылығын тудырды.
Ол өзінің парақшасында: «Орыстар "Олжас" деген атты айтқанда неге "Алжас" дейді де, "Ольганы" айтқанда, "Альга" демейді?! Әлде біз білмейтін қандай да бір ережелер бар ма?» — деп жазған.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу талқы тудырды. Пікір қалдырушылардың басым бөлігі халық қалаулысының бұдан да маңызды мәселелермен айналысуы керектігін айтып, оны сынады.
Оқырмандардың бірі мұны «Қазақстанда шешілмей тұрған соңғы мәселе осы қалған екен» деп мысқылдаса, енді бірі елдегі әскердегі сарбаз өлімі, азық-түлік пен жанармай бағасының қымбаттауы сияқты өзекті проблемаларды тізіп шыққан. Кейбір қолданушылар депутатты «адал жұмыс істеуге» шақырды.
Депутаттың өзі бұл сынға әзірге жауап берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар