Депутаттардың әншілерден ала алмай жүрген қандай өші бар?

Депутаттардың әншілерден ала алмай жүрген қандай өші бар?
15.10.2025 17:06
0
156

Енді қызды алып қашқандар ғана емес, «алып қашамын» деп әндеткендер де сотталады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

ДЕПУТАТТАР НЕГЕ ҚАРСЫ?

Депутаттар зорлық-зомбылыққа итермелейтін кино мен музыкаға толық тыйым салуды талап етіп отыр. Полицейлер басқаны қойып,  ақындардың ізіне түспек. "Сөз сүйектен өтеді" дейтін едік. Енді ол сүйектен өтіп, сот залына дейін жетуі мүмкін.  

Бұған қатысты ақпарат және мәдениет министрлігінің де айтпағы бар.

Сюжетте «мен сені алып қашып кетемін» десе, қыз келіссе, бұл басы бар, аяғы бар хикая болады. Сондықтан, әлбетте, оны қараймыз, бірден жазалау деген жоқ. ІІМ айтқандай, барлық бастама заң мен тәртіп қағидасы аясында ақпараттық қолдаумен жүреді. Егер ондай факті тіркелсе отандық сериал болса, шара қолданамыз. Егер шетелдік өнім болса  түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Барлық шығармашылық ұжыммен жұмыс істейміз, - деді вице-министр Қанат Ысқақов.

«АЛЫП ҚАШУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАЗЫЛҒАН БҰРЫҢҒЫ ӘНДЕР

«Мен жасымда жігіттер топтан астым, бір түнде сегіз қызды алып қаштым» деген Иманжүсіптің өлеңі бар. Бұл жалғыз мысал емес. Халық әндерінде мұндай тіркесті аз кездестірмейсіз. Ринат Зайыттың да айтпағы осы.

"Егер мені шын сүйсең асыл еркем, ертең кешке дайын тұр қашу оңай" деген халық әні бар. Бұл қалай болады?! Мұндай сараптаманы кім жасайды? Көркем шығармаларды қалай қорғайсыздар немесе айырмасы бар ма заң аясында? – деді депутат.

ТЕЛЕАРНАҒА БАҚЫЛАУ КЕРЕК

Депутаттар телеарнадағы түрлі телехикаяларға да назар аударуды сұрады. Онда да қыз алып қашуды насихаттайтын кадрлар бар дейді.

Кейіпкер «Қызды алып қаштым» дейді, екіншісі «Ештеңе қылмайды, мені де алып қашқан аман-есен жүрміз» дейді. Бұл не сонда?! Екі министрлік бір-бірін естімейді ме деген ой туындайды. Біз заң шығарамыз, ол заңға немқұрайлы жасап, оны менсінбей күлкі қылған дұрыс емес деп ойлаймын, - деді Мұрат Әбенов.

ЖАС БУЫН НЕ КӨРІП ЖҮР?

Бұрын Қожаның тентектігін көрсек те, боқауызын естімедік. Фильмнен тектілік сіңетін. Ал қазір боқауыз сөздер қосып сөйлейтіндер көбейген дейді Құдайберген Бексұлтанов.

Қазір біздің жас буын қандай фильмдерді қарап жүр?! «Сәке, Бәке, Прокурор, Қара қарға, 105 мектеп». Жасөспірімдердің екі сөзінің бірі боқауыз. Әрине біз өзіміз фильмдер арқылы көргенсіздік пен тұрпайылықты, арсыздықты насихаттасақ… Онсыз да әлеуметтік желілерде мұндай дүние өршіп тұр. Ал біз оны кино арқылы одан әрі күшейтіп отырмыз. Бұл фильмдерге бюджеттен қаржы бөлінсе, онда бұл – нағыз апат. Қазір кішкентай балалардың өзі ең алғашқы күндерінен бастап балағат сөздер айтып, тілін тиянақтамайды. Бұрын мұндай болған жоқ. Бұған не істеу керек? – деді Бексұлтанов.

ІІМ НЕ ДЕЙДІ?

Министр Ержан Саденов бұл мәселелер Мәжілісте қаралып жатқан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасында қамтылған дейді.

Бұл бағытта жұмыс істеу керек, тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі қажет. Бұл тек құқық қорғау органдары мен Мәдениет министрлігінің ғана жұмысы емес, бұл бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Бізде тиісті тетіктер бар, өз тарапымыздан барлық шараларды қолданамыз, айыппұлдар енгізіп жатырмыз. Бірақ мұнда жүйелі жұмыс қажет, – деді министр.

Биыл 16 қыркүйектен бастап қыз алып қашуға тыйым салуды көздейтін заң күшіне енді. Нақты айтқанда, заңға өзгеріс енгізіліп, 125-1 бабына Некеге тұруға мәжбүрлеуге қатысты норма енгізілген. Оған сәйкес, қызды алып қашып кетіп, некеге күштеп мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Мұндай қылмыс жасаған азаматтарға 2 мың АЕК (7 864 000 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. 

Алайда дәл осы зорлық-зомбылық әрекеттерін қалыпты ретінде контенттің телевизиялық, музыкалық және цифрлық платформаларда еркін таралып жатқаны – заң мен ақпараттық саясаттың арасында айқын сәйкессіздік бар екенін көрсетіп отыр дейді сарапшылар.

Мысалы, кейбір отандық фильмдерге Ішкі істер министрлігінің өзі қолдау көрсеткені көпшілік арасында пікірталас туғызды. Өйткені, кино мазмұнында ар-намысқа тиетін, боғауыз сөздер бар. 

АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ ПЕН РЕТТЕУ ТЕТІГІ

Қазір телевизиялық және цифрлық контентті бақылау Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырында. Вице-министр Қанат Ысқақовтың айтуынша, егер отандық контентте заңға қайшы элементтер болса, нақты шаралар қолданылады. Ал шетелдік өнімдерге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 

Сарапшылардың айтуынша, елде туынды жарық көрмей тұрып мазмұнын сүзгіден өткізу тетіктері әлсіз. Қазір телехикаялар мен ән мәтіндерінде кездесетін зорлықты романтикаға айналдыру, қыздың келісімінсіз алып қашуды "дәстүр" ретінде көрсету, жасөспірімдерге тікелей әсер ететін факторға айналып отыр.

2022 жылы БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстандағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның бірлескен зерттеуіне сәйкес, 16-25 жас аралығындағы қыздардың 11%-ы еркінен тыс тұрмысқа шыққанын немесе ондай әрекетке қысым көргенін айтқан. Бұл – ресми статистика.  

ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ - МЕДИА

Қазір жасөспірімдер мен жастар ақпаратты бірінші кезекте TikTok, YouTube алады. Бұл – педагогикалық немесе моральдық сүзгі емес, алгоритмге тәуелді медиа орта. Егер ол ортада зорлық-зомбылық, боғауыз, масқаралау мәдениеті насихатталса, заң күшейгенімен, сана өзгермейді.

Осы тұрғыда сарапшылар бірнеше ұсыныс айтып отыр:

  • Отандық сериалдарды қаржыландыру кезінде тәуелсіз сарапшылардың мазмұндық бағалауын енгізу;
  • Тәрбие мен заңға сай келмейтін сериалдарға мемлекеттік қаржы бөлмеу;
  • Ән мәтіндері мен клиптерге арналған ерікті этикалық кодекс қабылдау;
  • TikTok пен Instagram желілеріндегі трендтерге сараптамалық бақылау жүргізу.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий