Динара Сәтжан өзін сынаған Бағдагүл емшіні сотқа берді

16.07.2026 12:25 Мөлдір ҚАЙНАР
Динара Сәтжан өзін сынаған Бағдагүл емшіні сотқа берді
563
Фото: коллаж politico.kz

Тележүргізуші Динара Сәтжан өзін әлеуметтік желіде сынаған Ақтөбедегі емшіге қатысты сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы Астанада өткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Динара Сәтжанның сөзінше, аталған емші әлеуметтік желіде оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасап, балағат сөздер айтқан. Осыған байланысты ол дауды құқықтық жолмен шешуді жөн көрген.

«Сөз бостандығы – Конституциямен кепілдендірілген құқығымыз. Бірақ ол өзгені қорлау еркіндігін білдірмейді. Сөз бостандығы – айтылған сөз үшін жауапкершілік те», – деп жазды тележүргізуші.

Ол бір ай бұрын Ақтөбедегі емшіге қарсы сотқа талап-арыз бергенін, ал бүгін Астанада алғашқы сот отырысы өткенін хабарлады.

«Өзіңді қорғау – жанжалқой болу деген сөз емес. Сондықтан Бағдагүл айтқан сөздері үшін TikTok-та емес, сот алдында жауап береді», – деді Динара Сәтжан.

Сондай-ақ ол іс бойынша өз мүддесін қорғайтын адвокатына алғыс айтып, барлық даулар заң аясында шешілуі тиіс екенін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий