«Достық емес, Ленин»: қазақша көше атауларын мойындамай, мазақ еткен блогер жарнамасынан айырылды
Алматыдағы көшелерді бұрынғы атауларымен атайтынын ашық жазған блогер Әйгерім Бердалиеваның сөзі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Оның жазбасынан кейін кейбір қолданушылар Eurasian Fashion Week ұйымдастырушыларынан блогердің бейнесі бар билбордтарды алып тастауды талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Threads желісінде mini_knopka атымен танымал Әйгерім Бердалиева алдымен Алматыдағы билбордтардың біріне өзінің суреті орналастырылғанын жазған. Ол жарнаманың тұрған жерін «Ленин көшесі» деп көрсетіп, оқырмандарынан өзін «қызғаншақ құрбысындай» құттықтауды сұраған.
Кейін блогер Алматы көшелерінің атауына қатысты тағы бір жазба жариялады. Онда қазіргі атауларды қолданбайтынын былапыт сөздермен жеткізіп, Алматыдағы қазақша көше аттарын мойындамайтынын айтқан.
«Маған бәрібір – Ленин. Тағы да айтайын: Фурманов та. Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан және тағы басқалары жоқ», – деген мазмұндағы пікірі жазылған.
Бұдан бөлек, Бердалиева өзін «нағыз алматылықтар» деп санайтындар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Виноградов және Комсомольская сияқты бұрынғы атауларды қолданатынын айтқан. Сондай-ақ ол жазбасына пікір білдірген кейбір қолданушыларға да дөрекі жауап берген.
Блогердің бұл пікірі көпшіліктің наразылығын тудырды. Бірқатар қолданушы оның қазіргі көше атауларына қатысты көзқарасын сынап, Eurasian Fashion Week ұйымдастырушыларынан Бердалиеваның суреті бейнеленген жарнамаларды алып тастауды сұрады.
Eurasian Fashion Week қандай шешім қабылдады?
Оқиғаға қатысты Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеме жасады.
Ұйымдастырушылар қалыптасқан жағдай үшін кешірім сұрап, блогердің жеке парақшасында жазған пікірлеріне ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ оның айтқан ұстанымын қолдамайтынын мәлімдеді.
«Жағдай туралы ақпарат бізге белгілі болған сәттен бастап блогердің қатысуымен жарияланған барлық материалдарды Алматы қаласындағы экрандар мен билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылданды», – делінген мәлімдемеде.
Осылайша, Eurasian Fashion Week Айгерім Бердалиеваның бейнесі бар жарнамалық материалдарды қаладағы экрандар мен билбордтардан алып тастауға шешім қабылдаған.
Артынша Әйгерім Бердалиеваның өзі де жазбасын өшіріп, кешірім сұрады.
«Мен ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым. Артынша-ақ өшіріп тастадым, өйткені өзім де оның тым эмоционалды болып шыққанын және бастапқыда айтқым келген ойдың басқаша қабылдануы мүмкін екенін түсіндім. Шынымды айтсам, бұл жазбаның осындай реакция тудыратынын күтпедім. Егер сөздерім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ», – деген ол жазбасында.
Соңғы жаңалықтар