«Дружба» аяқталды

28.04.2026 15:09 Арман Ермеков
«Дружба» аяқталды
212
Коллаж Politico.kz

2026 жылдың мамыр айынан бастап Ресей билігі «Дружба» құбыры арқылы Германияға өтетін қазақстандық мұнай транзитін тоқтатады, бұл шешім Берлин мен Бранденбург аймағын 90 пайыз жанармаймен қамтамасыз етіп отырған Шведт қаласындағы зауыттың жұмысына тікелей әсер етпек, деп хабарлайды DW.

Reuters агенттігі таратқан бұл ақпаратты Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак пен Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ресми түрде растады. Ресейлік шенеунік техникалық мүмкіндіктерге байланысты мұнайдың енді басқа логистикалық бағыттарға бұрылатынын айтып, немістердің орыс мұнайынан бас тартқанын мысқылмен еске салуды ұмытпады. Ал еліміздің энергетика министрі бұл жағдайға украиналық дрондардың ресейлік инфрақұрылымға жасаған шабуылдары себеп болуы мүмкін екенін болжап, келешекте транзит қайта жанданады деген үмітін білдірді.

Шведт қаласындағы мұнай өңдеу орны 1963 жылдан бері шикізатты осы құбыр арқылы алып келеді. Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Германия билігі зауыттың негізгі иесі саналатын «Роснефть» компаниясының неміс филиалына сырттай басқару енгізіп, орыс мұнайынан бас тартқан болатын. Оның орнын 20 пайыз көлемінде қазақстандық шикізат басып, қалған көлем Росток пен Гданьск порттары арқылы теңізбен тасымалданып жатқан еді.

Хельсинки университетінің профессоры Вели Пекка Тюнккюнен Мәскеудің бұл қадамын бірнеше саяси фактормен байланыстырады. Оның пікірінше АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан онсыз да зардап шегіп отырған Еуропа экономикасына Ресей әлі де нұқсан келтіре алатынын көрсеткісі келеді. Сонымен қатар Кремль дрондар шабуылын тоқтату үшін Германия мен Қазақстан арқылы Киевке қысым жасап, сайлауда Виктор Орбан партиясының жеңілуіне байланысты Еуропадан кек алуды көздеуі әбден мүмкін. CREA орталығының сарапшысы Исаак Леви де Мәскеудің саяси әрі экономикалық мақсаттарын алға тарта отырып, қазақстандық мұнайды ресейлік порттар арқылы тасымалдауға мәжбүрлеу арқылы олар өз нысандарын дрондардан қорғап қалмақшы екенін жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше жылына небәрі 2 немесе 3 млн тонна қазақ мұнайын алатын бұл зауыт тұтас Германия экономикасына аса үлкен қауіп төндірмейді. Дегенмен Германия экономикалық зерттеулер институтының маманы Клаудия Кемферт теңіз арқылы балама жолдардың бар екенін, бірақ бұл тасымалды едәуір қымбаттатып бағаның өсуіне алып келетінін ескертті. JBC Vienna компаниясының басшысы Йоханнес Бениньи теңіз тасымалы зауыт экономикасына кері әсер етіп, Германияны дайын мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүрлейтінін айтты. Осы жағдайды бағамдаған мамандар Еуропа ресейлік инфрақұрылымға тәуелді болғандықтан осындай саяси қысымдарға үнемі ұшырайтынын ескертіп, тәуелсіз жолдар қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий