Екі жыл сырлас дос болған ер мен әйел біртуған болып шықты

29.07.2026 09:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Екі жыл сырлас дос болған ер мен әйел біртуған болып шықты
68
Фото: BBC

Ұлыбританияда Манчестер әуежайында бірге жұмыс істеп, екі жыл бойы тығыз араласқан ер мен әйел күтпеген шындықтың бетін ашты. Бір-бірін сөзсіз ұғысатын жандар о бастан туған ағалы-қарындас болып шықты, деп хабарлайды Politico.kz

Бұл туралы BBC басылымы жазды.

Дэйв Грин мен Андреа Эрмстон 2005 жылы әуежайда танысып, тез тіл табысып кетеді. Кезекті бір телефон әңгімесі кезінде Дэйв бала кезінде асырап алынғанын және туғандағы тегі Праудлав болғанын айтып қалады. Андреа бұл текті естігенде аң-таң болады. Себебі оның да қыз кезіндегі тегі Праудлав еді және ол өзінен үлкен ағасының сәби күнінде өзге отбасыға берілгенін бұрыннан білетін. Анасымен хабарласып, туған күнін тексергенде (1966 жылғы 24 наурыз) барлық дерек дәл келеді.

Қуанышты хабардан кейін екеуі бірден аналары Сьюзеннің үйіне бет алады. Қызығы, Дэйв автобус жүргізушісі болып жүргенде жылдар бойы өзі байқамай туған анасының үйі мен қарындасы оқыған мектептің жанынан күнде өтіп жүрген.

Анасы Сьюзен ұлын табуды өмір бойы армандап, іздеу салғанымен нәтиже шықпаған екен. Тағдырдың жазуымен араға ондаған жыл салып, отбасы қайта қауышты.

Өкінішке қарай, аналары жақында дүниеден өтті. Ал бауырлар қазір Стаффордширда көрші тұрады. Олар тағдырдың бұл сыйын «өмірден ірі лотерея ұтып алғанмен бірдей» деп бағалайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий