Экология министрлігін басқарған Ерлан Нысанбаев премьер-министрдің кеңесшісі болды
Бұрынғы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұрәлиұлы Нысанбаев премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл ақпаратты үкіметтің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ерлан Нысанбаев 2023 жылғы 5 қыркүйектен 2026 жылғы 28 тамызға дейін экология министрлігін басқарған еді. Үкіметтің жаңартылған құрамында бұл ведомствоның тізгіні Әлібек Қуантыровқа бұйырды.
Ерлан Нысанбаев кім?
Жаңа кеңесші – Ерлан Нұрәлиұлы 1961 жылы 11 тамызда Алматы облысы Ұйғыр ауданының Подгорное ауылында дүниеге келген. Ол Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр орман шаруашылығында шебер болып бастаған. Одан кейін 1991 жылдан 2004 жылға дейін түрлі коммерциялық ұйымдар құрылымында жұмыс істеді.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы қызметі 2004 жылы басталды. Сол уақыттан 2009 жылға дейін «Астана-Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамында басшылық лауазымдарда болды. Артынша 2009 жылы Орман және аңшылық шаруашылығы комитетін басқарды.
Ол түрлі жылдары қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары вице-министрі қызметін атқарды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, кейіннен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болды.
Бұдан бөлек 2021 жылдан 2023 жылға дейін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде еңбек етті. Мұнда ол стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ал министр лауазымына тағайындалғанға дейін 2023 жылдың наурыз айынан бастап Астана қаласы әкімінің кеңесшісі болған.
Соңғы жаңалықтар