Экс-министрдің інісі жаңа қызметке тағайындалды

13.10.2026 • 09:04 Әсел МҰРАТ
Экс-министрдің інісі жаңа қызметке тағайындалды
191
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Сербиядағы бұрынғы елшісі Мәди Атамқұлов сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәди Бәкірұлы Атамқұлов 1974 жылы 27 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтын тәмамдаған. Сондай-ақ 2003 жылы Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Еңбек жолының алғашқы кезеңінде мемлекеттік емес секторда түрлі қызмет атқарған. Дипломатиялық мансабын 2003 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ТМД істері жөніндегі комитетінде бірінші хатшы болып бастаған.

2006 жылдан бастап СІМ-нің Мемлекеттік протокол қызметінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеп, кейін осы құрылымның басшысы болды.

2014-2015 жылдары Қазақстан Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2015 жылдан бастап Қазақстан Президентінің Протоколын басқарды.

2021 жылы шілдеде Мәди Атамқұлов Қазақстанның Сербиядағы елшісі болып тағайындалды. Ол бұл қызметтен 2026 жылы 10 шілдеде босатылды.

Айта кетейік, Мәди Атамқұлов – бұрынғы сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың туған інісі.

Бейбіт Атамқұлов түрлі жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий