"350 мың теңге табыс қана емес": Қазақстанда қандай отбасылар бай саналады?

13.10.2026 • 09:26 Мөлдір ҚАЙНАР
141
Фото: ratel.kz

Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейі «Отбасының цифрлық картасы» арқылы 8 негізгі бағыт пен 59 көрсеткіш бойынша анықталады, деп хабарлайды Politico.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл деректер мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау үшін қажет.

Елімізде әр отбасы әлеуметтік әл-ауқаты бойынша 5 санаттың біріне жатқызылады:

А — әл-ауқаты жоғары деңгей;

В — ауқатты деңгей;

С — қанағаттанарлық деңгей;

D — экономикалық тұрғыдан осал деңгей;

Е — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан аса осал деңгей.

Министрліктің мәліметінше, қорытынды бағаға тек кіріс көлемі немесе жеке мүлік қана әсер етпейді. Бағалау қаржылық жағдай, мүліктер, баспана жағдайы, көлік (оның ішінде коммерциялық), жер телімі, жеке қосалқы шаруашылық, жұмыспен қамтылу, несиелер (мерзімі өткен берешектерді қоса алғанда) мен жеке бизнестің болуы секілді кешенді деректер негізінде жасалады.

Мысалы, кірісі жоғары «А» санатына мынадай отбасылар кіреді:

  •  жан басына шаққандағы табысы 7 күнкөріс деңгейінен немесе 350 мың теңгеден асатын;
  •  отбасының әр мүшесіне 120 шаршы метрден келетін бірнеше баспанасы бар;
  •  коммерциялық жылжымайтын мүлкі немесе жеке кәсібі (ірі, орта, шағын бизнес) бар;
  •  «люкс» немесе «премиум» санаттағы қымбат көліктері бар отбасылар.

Отбасының құрамы мен әлеуметтік деңгейі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы ай сайын автоматты түрде қайта есептеліп отырады. Егер кіріс азайса, мүлік сатылса немесе отбасы мүшелерінің саны артса, әлеуметтік-экономикалық мәртебе қайта қаралады.

Ал егер азаматтар отбасы құрамы немесе белгіленген санат дұрыс анықталмаған деп есептесе, Еңбек министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне немесе жергілікті әкімдіктердің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіне алады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий