"Электронды құжат үшін баланы ұшаққа кіргізбеді": Әйел SCAT әуе компаниясын сотқа берді

Қазақстандық Сәуле Бақытбековна өзінің кәмелетке толмаған баласын рейстен негізсіз алып қалғаны үшін SCAT әуе компаниясының үстінен сотқа шағым түсірді. Ол Instagram парақшасында әуе тасымалдаушысынан материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап ететінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, оқиға 29 маусымда Астана-Шымкент бағытындағы DV 772 рейсінде болған. Бала тіркеуден өтіп, бірақ ұшаққа отырғызу кезінде SCAT қызметкерлері оны бортқа кіргізбей қойған. Бұған баланың туу туралы куәлігінің қағаз нұсқасының орнына электронды форматын ұсынуы себеп болған. Анасының сөзінше, баланың жанында ҚР азаматының паспорты және анасының атынан нотариалды куәландырылған сенімхаты бар туған нағашысы болған.
Сәуле Бақытбековна бұл жағдайдың ең түсініксіз тұсын да атап өтті: осы оқиғадан үш күн бұрын, 26 маусымда, баласы дәл сол құжаттармен және сол әуе компаниясымен Шымкенттен Астанаға еш кедергісіз ұшып келген.
«Яғни, Астанаға ұшып келуге жараған құжаттар, кері қайтуға жарамсыз болып шықты», – дейді ол.
Анасының сөзінше, әуежайдағы немесе байланыс орталығындағы компания өкілдерінің ешқайсысы жағдайды шешуге тырыспаған, тіпті кейін хабарласып кешірім де сұрамаған. Ол 30 маусымда компанияға ресми шағым жазып, жауап күткен. Алайда, бір ай өткен соң, 29 шілдеде, жауап ала алмағандықтан сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
«Заң бойынша электронды құжат қағаз нұсқамен бірдей. Менің балам бұған дейін де бірнеше рет ұшақпен ұшқан, ешкім куәліктің түпнұсқасын сұрамаған. Ең қорқыныштысы біздің балаларымыз мұндай жағдайдан қорғалмаған. Соттың әділ шешім шығаратынына үміттенемін», – деп жазды Сәуле Бақытбековна.
Соңғы жаңалықтар





