"Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысы елден жиған қаражатты қайда құртқаны белгілі болды

10.10.2025 14:02
0
286
Ашық дереккөз

Алматыда “Қазақтың Робин Гуды” атанып, қоғам алдында өзін қайырымдылықтың символы ретінде көрсетіп жүрген “Елге көмек” қорының басшысы Ілияс Сариевке қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сариев қажылық пен умра сапарына барғысы келген азаматтардан ақша жинап, оларды қасиетті сапарға жіберуге уәде еткен. Алайда жиналған қаржының бір бөлігі құмар ойындарға жұмсалғаны анықталған.

Сотта MM Travel туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсеева жауап беріп, бұған дейін көпшілікке беймәлім болған жайттарды айтты. Оның сөзінше, Ілияс Сариев бұған дейін “MM Travel компаниясына қатысым жоқ, тек жарнама жасадым” деп мәлімдегенімен, шын мәнінде компанияны екеуі бірігіп 2023 жылы құрған. Құжат жүзінде компания Дүйсеева атына тіркелгенімен, барлық банк шоттары мен касса Сариевтің бақылауында болған. Ол қажылыққа жиналған ақшаны қолма-қол алып, орнына қайтармаған. Соның салдарынан 20 адам қасиетті сапарға бара алмай қалған.

Куәгердің айтуынша, Сариев қажылардың ақшасын пайдаланғаннан кейін “бір аптада қайтарамын” деп уәде беріп, орындамаған. Кейін оның телефон қосымшасынан букмекерлік платформаларға ірі сомалар тіккені анықталған. “Сол сәтте қатты шошыдым. Телефондағы банк қосымшасында бірнеше букмекерге аударылған сомалар тұрды. Сол уақытта компанияның қаржысы дағдарысқа ұшырап, қажылыққа бармақ болғандар наразылық білдіріп жатқан еді. Бірақ Ілияс мені тыныштандырып, бәрін өзім шешемін деді”, – деді Дүйсеева.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Ілияс Сариев 2015 жылдан бастап құмар ойынға әуес болып, кейін “бұл әдеттен арылдым” деп сендірген. Бірақ соңғы оқиғалар оның әдеттен толық арылмағанын көрсетіп отыр. Тергеу барысында Сариевтің “Елге көмек” қоры арқылы да халықтан ақша жинап, ауыр дертке шалдыққан немесе баспанасыз қалған адамдарға көмек беремін деп уәде еткені, алайда уәделерін орындамағаны анықталған. Осы бағытта алты адамның шағымы тіркеліп, тергеу материалдарына енгізілген.

MM Travel ісі бойынша 20 адам зардап шеккен. Ақтоты Дүйсеева өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілерге келген шығынды жарты жыл ішінде толық өтеуге уәде берді. Қазіргі уақытта Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (“Алаяқтық”) бойынша айып тағылған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, Сариев “Елге көмек” қорының атын пайдаланып, үйсіз-күйсіз жандар мен ем іздеген науқастарға көмектесемін деп елден ақша жинаған. Алайда көпшілікке уәде етілген көмек көрсетілмей, адамдар қаржысынан да, сенімінен де айырылған.

Қоғамда кезінде қайырымды, әділ әрі ел қамын ойлайтын тұлға ретінде танылған Ілияс Сариевтің бұл ісі жұрттың ашу-ызасын тудырды. Қазіргі таңда сот процесі қоғам бақылауында өтіп жатыр. Келесі сот отырысы 16 қазанға жоспарланған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий