Елімізде 15 кітап оқығандарға 10 млн теңге беріледі

18.09.2026 12:24 Әсел МҰРАТ
Елімізде 15 кітап оқығандарға 10 млн теңге беріледі
339
Фото: gov.kz

Қазақстанда кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық марафоны өтіп жатыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жоба 1 қыркүйекте басталып, алты айға жалғасады. Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік қоғам қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында қолға алынған марафонға оқушылар мен студенттерден бастап, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар, журналистер және басқа да азаматтар қатыса алады.

Министрдің айтуынша, 1 қыркүйектен бері Reading Nation. kz платформасында 1 миллионнан астам ел азаматы тіркелген. Марафон аясында әрбір қатысушы өз санаты бойынша, 15 кітап оқып, интеллектуалды сайыстарда білімін сынайды. Марафон алты айға созылмақ.

Жобаның алғашқы кезеңдері аудан, қала және облыс деңгейінде өтеді. Келесі жылдың наурыз айында осы сатылардан үздік шыққан шамамен 4 мың қатысушы қаржылай сыйлыққа ие болады. Ал өңірлердің үздік оқырмандары республикалық финалда бақ сынайды.

Ақтық кезеңде жылдың 10 үздік оқырманы анықталады. Олардың есімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күнінде жарияланып, әрқайсысына 10 миллион теңге арнайы сыйлық табысталады.

Министрдің айтуынша, марафонға қоғам тарапынан қызығушылық жоғары. Жоба басталған алғашқы екі аптаның өзінде платформаға миллионнан астам қазақстандық тіркелген.

Арман Қырықбаевтың өзі де марафонға қатысып отыр. Ол «Парасат» санатын таңдаған. Бұл бағытқа көшбасшылық пен мемлекетшілдік тақырыптарын қамтитын 15 кітап енгізілген. Алайда аталған санатта жүлде қарастырылмаған. Оның негізгі мақсаты – танымал азаматтардың кітап оқу арқылы жастарға үлгі көрсетуі.

Министр Үкімет мүшелерін, Ұлттық құрылтай депутаттарын, әкімдерді, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлерін «Парасат» санатына қатысуға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий