Елімізге танымал актриса ауыр қайғыға душар болды
Елімізге танымал актриса әрі блогер Таня Турлай ауыр қайғыға душар болды. Өнер иесінің әкесі өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаралы хабарды актрисаның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол әкесін өміріндегі ең мейірімді әрі көңілді жан ретінде еске алып, жүрекжарды жазба арнады.
«Әкем – мен үшін бұл өмірдегі ең мейірімді, ең күлкілі адам еді. Әзілді де, өмірге жеңіл қарауды да сол кісіден үйрендім. Бүгін менің әкем жоқ. Бірақ мен оны шексіз жақсы көремін. Ол ең керемет әке болды», – деп жазды актриса.
Белгілі болғандай, марқұм ұзақ уақыт бойы қатерлі ісікпен күрескен. Таня Турлай әкесінің қарапайым да адал ғұмыр кешкенін, бар өмірін еңбек пен отбасына арнағанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бір жыл отбасы үшін өте ауыр сынақ болған.
«Біз ешкімге тілемейтін жолдан өттік. Соңғы демге дайын болу мүмкін емес екен. Соңына дейін жанында болдық. Ең ауыр нәрсе – ең жақын адамыңның қалай кетіп бара жатқанын көру. Обыр жеңді», – деді ол.
Сондай-ақ актриса әкесінің адамгершілігі, қарапайым болмысы мен отбасына деген үнсіз, бірақ шынайы махаббатын ерекше ілтипатпен еске алды. Оның сөзінше, әкесі табиғатты, биді, музыканы жақсы көрген, балаларына әрдайым мақтанышпен қараған жан болған.
«Оны таныған әр адам Сашка Турлайды ешқашан ұмытпайды», – деп түйіндеді Таня Турлай.
Соңғы жаңалықтар