Эльмира Дүйсенқызы үшінші рет сотталды

02.07.2026 14:59 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Эльмира Дүйсенқызы үшінші рет сотталды
293

Шымкентте жекеменшік оқу орындарының құрылтайшысы, бизнесвумен Эльмира Дүйсенқызы бюджеттің 1,3 млрд теңгесін ұрлағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы HALYQSTAN жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, кәсіпкер 2018-2023 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық және гуманитарлық-қаржы колледждерін басқара жүріп, оқуға студенттерді жалған қабылдау арқылы тұрақты қылмыстық схема құрған. Бұл іске колледж басшылары мен есепшілер тартылып, олар мемлекеттің білім беру тапсырысы қаржысын иемдену үшін студенттерді тізімге қосқанымен, іс жүзінде оқу орындарында ешкім білім алмаған.

Тергеу барысында ақылы оқитын медициналық колледж студенттері мемлекет есебінен білім алушылар ретінде тіркелгені, ал гуманитарлық-қаржы колледжі тек бюджет ақшасын игеру үшін ғана пайдаланылғаны анықталды. Сонымен қатар Дүйсенқызы бұрынғы соттылығы бойынша жазасын өтеп жатқан кездің өзінде де түрмеден өз оқу орындарын қашықтан басқаруды тоқтатпаған.

Күдіктілер тергеу кезінде 65 млн теңгені өз еркімен қайтарды, сондай-ақ Дубайдағы жылжымайтын мүлікті қоса алғанда үш пәтерге, үш жер үй мен үш автокөлікке бұғат қойылды.

Айта кетейік, Эльмира Дүйсенқызы былтыр Шымкент қаласы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасов пен Түркістан облысы білім басқармасының экс-басшысы Ғалымжан Жұмашевқа қатысты пара алу істерінде жәбірленуші әрі негізгі куәгер болған.

Бұған дейін ол 2021 жылы ҰҚК академиясына түсу ісі бойынша алаяқтық жасағаны үшін өзі 3 жылға, ал ҰҚК құрылымында жұмыс істеген күйеуі 6 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алса, 2022 жылы өзіне тиесілі жекеменшік мектепте 278 млн теңге жымқырғаны үшін 6 жылға сотталып, кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан болуы керек.

Войдите, чтобы оставить комментарий